Қарағандылық студенттер қазақ тілді мәтіндерді латиницаға ауыстыратын бағдарлама жасап шығарды

21.06.2018 21:58

Е.А Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің математика және ақпараттық технологиялар факультетінің 2 курс студенті Мағжан Өмен мәтінді латын графикасына ауыстыру бойынша бағдарламалық жасақтама құрды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Біздің университет «Рухани жаңғыру» бағдарламасында алға қойылған міндеттерді атқаруға атсалысуда. Менің бағдарламамның көмегімен санаулы ғана минуттарда А4 форматта орналасқан 500 бетке дейінгі үлкен көлемді мәтіндерді аударуға болады. Бұл ретте мәтінде бар суреттер мен графикалар еш кедергі етпейді», - деді Мағжан Өмен.

Автордық айтуынша, бағдарламаны құру үшін ол бір жарым ай жұмыс істеген.

«Қыркүйекте біздің факультеттің деканы студенттер арасында мақсат қойған болатын. Нәтижесінде менің нұсқамды таңдап алды. Мен «Болашақ менің арманым» атты стартапқа қатыстым. Жартылай финалға шықтым, енді латиницаға аударатын мобильді қосымшаны жасауды көздеп отырмын», - дейді Мағжан Өмен.

Студенттің өнертабысын ЖОО-да оқу материалдары мен әдістемелік құралдарды аудару үшін пайдаланады.