Мемлекеттік тапсырыстан туындаған түйіткіл. Аузы күйген біршама кәсіпкер еліміздің Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің қарекетіне шағым жасады. Тіпті, арнайы баспасөз отырысын ұйымдастырған. Олардың айтуынша, аталмыш екі ведомство атқарылған жұмыс актілеріне қол қою мен кеткен шығындарды өтеуден бас тартқан.
«Өкінішке орай, мемлекеттік тапсырыс талабына сәйкес атқарылған жұмыстар көлемі бюджеттік кодекске сәйкес келмей отыр. Қажетті құжаттар уақытылы каржы мекемелерінде тіркелмеген. 2017 жылдың қаңтар айында министрлік тарапынан қызмет көрсетуші компаниялармен біршама кездесулер өтті. Нәтижесі сотқа алып келді. Себебі, мұндай даулы жағдайды сот қарастыруы керек деп есептейміз. Біз өз тарапымыздан кәсіпкерлер жасаған қызмет ақысын төлеуден бас тартып отырған жоқпыз», - деді ҚР Қорғаныс министрлігі мемлекеттік тапсырыс басқармасының басшысы, полковник Александр СТЕПАНЕНКО.
Осы тұста 11-ге жуық бизнесмен мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген, яғни өткен жылдың қаңтар мен ақпан айы аралығында белгіленген талаптарды орындаған көрінеді. Оған кеткен 200 млн теңге көлеміндегі шығынды өз қалталырынан төлепті. Екі министрлік тиын да татырмады, дейді бизнесмендер. Бүгіндері әлеумет назарын аударған бұл жағдайдың мән-жайын әскери прокуратура қарауы мүмкін.
«Сіздерге бір ай уақыт береміз. Егер кәсіпкерлер мәселе шешілді десе, онда бұл іс тоқтайды. Жағдай оңынан шешім таппайтын болса, онда осы іске қатысы бар адамдарды жауапқа тарту үшін қажетті материалдарды әскери прокуратураға жібереміз. Қылмыстық кодексте немқұрайлық таныту, шара қолданбау сынды баптар бойынша жауапқа тарту көзделген», - деді «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерді қорғау және жемқорлықпен күрес кеңесінің төрағасы Қайырбек СҮЛЕЙМЕНОВ.