Қайрат Жамалиев бостандыққа шықты

19.07.2018 17:52

Жас жігітті ұрып-соққаны үшін сотталған атышулы бизнесмен Қайрат Жамалиев бір миллион теңге шамасында айыппұл төлеп, бостандыққа шықты. Бұл мәліметті ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, бүгінде Жамалиев елдің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тіркелмеген.

Көкшетау қаласының соты ҚР Қылмыстық кодексінің 73-бабы 3-тармағына сәйкес жазаның өтелмеген бөлігін айыппұлға ауыстырды.

Осы баптың 3-тармағына сәйкес, жазаның өтелмеген бөлiгiн ауыстыру кезiнде сот бас бостандығынан айырудың төрт күніне бір айлық есептік көрсеткіш есебiмен айыппұлды таңдауы мүмкiн. Айыппұлға ауыстырудың шарты – қылмыспен келтірілген залалды толық өтеу. Биыл бір АЕК 2 405 теңгені құрайды.

Сонымен, айыппұл сомасы шамамен 900 мың теңге болды. Онда бас бостандығынан айырудың төрт күніне бір АЕК-тен есептелінді.

Естріңізге сала кетейік, «Әлібидің ісі» қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. 2015 жылдың сәуір айында Әліби Жұмағұловтың әкесі әлеуметтік желілерде беті қан-жоса болған ұлының суреттерін жариялап, көмек сұраған болатын.

Атышулы істің басы фигуранты – Қайрат Жамалиев. Ол 2015 жылдың тамызында қатаң режимді колонияда жазасын өтеумен 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, барлық мүлкі тәркіленді. Оның сыбайластары – Арман Әбілтаев пен Анатолий Прибытков та сәйкесінше, 12 және 8 жылға сотталды. Кейінірек аса ірі көлемде бопсалау әрекеті ірі көлемде болып ауыстырылып, сәйкесінше, жаза мерзімдеріде қысқартылды.