|
15.08.2018 | 14:00
1985

Қазақстанда ЮНЕСКО-ның бастамасымен І Әлемдік этноспорт ойындары өтеді

Қазақстанда ЮНЕСКО-ның бастамасымен І Әлемдік этноспорт ойындары өтеді

ЮНЕСКО-ның бастамасымен 2021 жылы І Әлемдік этноспорт ойындары Қазақстанда ұйымдастырылады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

12 тамыз күні Түркияның Эрзурум қаласында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының ұйымдастыруымен «Түркі ойындары-2018» фестивалі басталды. Сонымен бірге, 13-15 тамыз аралығында Ыстамбұл қаласында ЮНЕСКО-ның және Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының ұйымдастыруымен «Кешенді ІV косультациялық кеңес отырысы» және «Дәстүрлі спорттар мен ойындар бойынша достық тобы отырысы» атты жиындар өткізілді.

Әлемнің этноспортты дамытушы көптеген мемлекеттерінің жүзден астам өкілдері қатысатын бұл жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және  ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері де арнайы шақырту алған болатын. Жалпы жиын қорытындысында, 2021 жылы І Әлемдік этноспорт ойындарының Қазақстан Республикасында ұйымдастырылу мүмкіндігінің басым екендігі айтылды.

«2021 жыл - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын мерекелі жыл. Осы мерекелі жылы Астанада жер жаһанның таңдаулы ұлттық ойындары тамашаланатын І Әлемдік этноспорт ойындары ту көтеруі бек мүмкін», – делінген министрлік мәліметінде.

Естеріңізге сала кетейін, 2018 жылғы 1-2 шілдеде ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитетінің өкілдері Халил Ахмед Хан, Шамми Рана  және Марселлин Дэлли мырзалардың Астанаға арнайы сапармен келген еді. Қазақстан мемлекетінің І Әлемдік этноспорт ойындарын өткізуге үміткер елдің бірі екендігі сол кезде мәлімделген.  Астанадағы  Ұлттық музейде ЮНЕСКО, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы арасындағы үшжақты өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир