Қазақ - қырғыз шекарасындағы жағдайды қалыпқа келтіретін жол картасының аясында 40-тан астам кешенді іс-шара жүргізіледі. Бұны еліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Оның айтуынша, күні кеше ғана қол қойылған құжат аясында шешуді тез арада талап ететін мәселелер де бар екен.
Министр мырза журналистердің сұрағына жауап бергенде бір жеті ішінде немесе бір жылда шешілетін сұрақтар бар, деді. Мәселен, күттірмейтін мәселе - екі ақпарат ашықтығы. Тараптар енді шекарадағы барлық жағдай төңірегінде өзара шыншыл болу керек. Сосын, қандай жағдай болмасын, екі елдің де мамандары оқиға орнында табылуы тиіс. Демек, бір тарапсыз ешқандай шешім қабылданбайды.
«Бұл міндеттемелер өз нәтижесін беретіні анық. Біріншіден, шекарадағы жағдай реттеледі, бақылау жұмыстыры біраз артады. Қырғыздар барлық жағдайды түсініп, тиісті міндеттемелерді өз мойнына алды», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.
Саясаттанушы Ерлан Саиров шекарадағы экономикалық қордаланған сауалдар шешілгені дұрыс, дейді. Ол бақылаудың күшейтілуінде саяси астар емес, еліміздің сауда- экономикалық жүйесі мен оның мәселелері жатыр деген ойда.
«Біз қаншама бір-бірімізге жақын болсақта, қаншама бір-бірімізге бауыр болсақта, әрине, әрбір елдің өзінің ішіндегі экономикалық, әлеуметтік, қаржылай мүдделері болады. Сондықтан бұл енді дүниежүзілік практикада сапалы қарым-қатынас басқа бір деңгейдің алғы шарты деп ойлаймын. Егер осы жол картасы сапалы түрде іс жүзіне асатын болса, ол Қырғызстанға да, Қазақстанға да өз пайдасын тигізері анық», - деді саясаттанушы Ерлан САИРОВ.
Қырғыз тарапы екіжақты кездесу барысында Қазақстанның оларға қойған талаптар тізімінің толығымен заңдылығын құптап отыр. Бұл қадамымен көршілес елдің жаңадан сайланған президенті өз тарапынан диалог жүргізуге дайын екенін білдірген.
«Өздеріңіз білетіндей, біздің Үкіметтер арасындағы бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша, 50 пунктен тұратын Жол картасына қол қойылды. Ең бастысы, шекаралық бақылаудың жеңілдетілген тәртібіне ауыспақ болған қырғыз тарапы шекарадағы бақылау мен жауапкершіліктің айтарлықтай бөлігін орындауды мойнына алған. Осылайша, қырғыз тарапы екіжақты кездесу барысында Қазақстанның Қырғызстанға қойған талаптар тізімінің толығымен заңдылығын құптап отыр», - деді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институты директорының орынбасары Санат КӨШКІНБАЕВ.
Жалпы, сарапшылар экономикалық ынтымақтастық турасындағы жол картасы жақсы нәтиже береді деген пікірде. Оның аясында екі ел кеден және салық ашықтығы, фито-санитариялық сертификат беру жағдайы мен тауарларды тексеретін лабораториялар төңірегін берлесіп шешетін болады. Айтпақшы, алдағы уақытта осы лабораториялар техникасын жаңартып, ондағы қызметкерлердің жұмыс сапсын арттыру үшін кешенді істер қолға алынбақ.