Қазақстан Қырғыз еліне мемлекеттік шекараны жабдықтауға 100 миллион АҚШ долларын бөлмек. Мәжіліс қабырғасында төменгі палата депутаттары Қазақстан мен Қырғыз елі үкіметі арасындағы көмек көрсету ережелерін және оларды пайдалану туралы хаттаманы ратификациялады. Құжат екі ел арасындағы еуразиялық экономикалық интеграцияны дамыту бойынша келісімді жүзеге асыруға бағытталған.
«Өздеріңіз білетіндей, Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болды. Одақтың кедендік шекарасы сыртқы контурға ауысты. Десек те, қырғыз шекарасының инфрақұрылымы модернизацияны талап етеді. Елдің экономикалық қауіпсіздігі мен Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасын бақылау мақсатында, мемлекет басшыларының деңгейінде Қырғызстанға көмек көрсету туралы шешім қабылданды»,- деді Қазақстан Республикасының Қаржы министрі, Бақыт СҰЛТАНОВ.
Қазақстан мен Қырғыз арасындағы темір жол тасымалы тарифтері теңестіріледі. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуы бойынша, қол қойылған келісім уақытша 10 қаңтардан бастап іске асырылып келеді және Еуразиялық экономикалық одақ нормаларын жүзеге асыру үшін уақытынан бұрын енгізуді талап етеді. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы жүк тасымалы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға өскен. Министр сонымен қатар, Одақтың өзге мүшелері 2 жылдан бері бірыңғай тарифті қолданып келеді. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге біршама септігін тигізуде.
«Қазақстан бірыңғай тарифті енгізуде біршама пайдаға кенелді. Өйткені, үлкен көлемдегі тауарлардың көп бөлігін Ресейге тасымалдаймыз. Беларусь транзиті тағы бар. Қазіргі таңда біздің экспортерларымыз жарты жылдың ішінде орта есеппен 100 миллион долларға дейін пайда тапты. Осындай жағдайды Қырғыз елімен де орнатуымыз қажет. Тариф көлемі бірдей болса, тауар көлемі де артады»,- деді Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму министрі, Жеңіс ҚАСЫМБЕК.