Өзбекстан нарығы қазақстандық банктердің қызығушылығын туғызып отыр

Өзбекстан нарығы қазақстандық банктердің қызығушылығын туғызып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев қазақстандық банктер үшін Өзбекстан нарығына шығудың болашағы зор екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстандық банктердің өзбек нарығындағы болашағы - әр қаржылық институттың бизнес моделінің мәселесі. Халық банкінің осы бағытта көрсетіп жатқан қызығушылығы басқа да банктерге жол ашарына сенемін», – деді Данияр Ақышев журналистерге ҚР Ұлттық банкі мен Өзбекстан Орталық банкі арасындағы банк бақылауы саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою барысында.

Ұлттық банк төрағасы Өзбекстанда жүргізіліп жатқан реформаларды ескере отырып, отандық банктерге сол елде жұмыс жасау тәжірибесін молайтатынына сенім білдірді.

«Нарықтың көлемділігі, қаржылық қолжетімділік, барлық факторлар бұл нарықтың перспективасы өте үлкен екенін көрсетеді», – деді ол.

Қол қойылған құжатқа сәйкес, қос тарап банк саласындағы өзгерістер мен реформалар, заң-нормативтік реттеу мәселелері бойынша ақпарат алмаса алады.

Атап айтқанда, қазақстандық банктер барлық талаптардан шығып жатса, Өзбекстан аумағында трансшекаралық ұйым құра алады.


Новости партнеров