Отандық кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы төңірегінде мемлекеттік қолдауды тоқтатпауды сұрауда

31.05.2017 14:51

Үкімет отырысында көтерілген тағы бір мәселенің бірі ауылшаруашылығы төңірегінде болды. Отандық кәсіпкерлер осы бағытта мемлекеттік қолдауды тоқтатпауды сұрап отыр. Демек, субсидияның көлемін 26 пайызбен сақтау керек дейді. Сапалы өнім алу үшін, әлбетте,  себілетін дәнді-дақылдардың сапасы жоғары болуы керек. Сонымен қатар, ауа райы да маңызды. Жауын-шашыннан кейде біраз жұмыс тоқтап қалады екен. Ауылшаруашылығы министрлігі Атамекен Ұлттық Палатасымен біріге бизнесмендер біраз мәселелердің түйінін шешкен. Десе де, кемшін тұстар әлі де аз емес.

«Отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тоқтатпау керек. Себебі, бұл біріншіден бағаны бір қалыпты ұстап тұруға тікелей әсер етеді.Ал бөлінген қаржыны логистикалық инфрақұрылымға бағыттау үшін арнайы механизм қажет. Мал шаруашылығында қаржыландыру өте маңызды болып тұр. Талай қиындыққа тап болып отырмыз. Осыған орай, біз әлі де болса, оңтайлы тәсілдерін ойластырудамыз. Бірақ субсидия бөлу үшін қажетті соманың жеткіліксіздігі үлкен проблема туындатып отыр», - деді  кәсіпкер Иван САУЕР.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау жұмыстары жан-жақты іске асып жатқан көрінеді. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін 52 млрд теңге бөлініпті. Соңғы көрсеткіштер бойынша, қазір 286 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Оның ішінде сүт өнімдерін дайындаумен айналысатын - 102, ет өндіру бойынша - 181 кооператив құрылса, 20 мыңнан асатын ірі қара мал басына арналған бордақылау алаңы мен 51 жылыжай жасақталыпты. Бұған қоса, кәсіпкерлерге субсидия берудің шарттары жеңілдетілген екен. Мәселен, егер бұрын бордақылаушылар 400 басқа субсидия алса, қазір мал басы 100-ден асса болғаны. Сол сияқты сүтті субсидиялау бойынша, бұрын, 240 басқа берілсе, енді 50 бастан жоғары болса қаржылай көмек бөлінетін болды.