Енді ломбардтар мүлкін өткізген адамдарды суретке түсіреді

Енді ломбардтар мүлкін өткізген адамдарды суретке түсіреді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда ломбардтар мүлкін өткізген адамдарды құжатымен қоса суретке түсіруге міндеттеледі. Бұл туралы ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр елдегі ұрлық санын азайту үшін ломбардтарға қатысты қолға алынған шаралар туралы айтты.

«Бізде ломбардтар ешбір заңды негізсіз жұмыс істеп келді. 1997 жылы Ұлттық банк олардың жұмысына қатысты ереже қабылдады, бірақ ол баяғыда ескіріп қалған. Қазір ломбардтар ұрланған мүлікті сату орнына айналды. Ұрлық жасайды да, бірден сол мүлікті өткізіп жібереді. Басқа шет елдерде мұндайға жол жоқ. Біз Ресей, Германия, Өзбекстан  және тағы басқа елдердің тәжірибесін зерделедік. Сондықтан біз заңға өзгерістер енгіздік, ол мамырда қабылданды. Осы заңға сәйкес, ұлттық экономика министрлігі ломбардтар туралы ереже әзірлеп жатыр. Біз оларды Германиядағы сияқты, мүлкін өткізген адамды және оның құжатын суретке түсіруге, бізге хабарлауға міндеттейміз. Біз өткізілген мүліктің заңдылығын тексереміз. Сол кезде қылмыскерлерде ұрланған затты ломбардқа өткізуге негіз болмайды», – деді Қасымов Алматыда өткен брифингте.

Министр 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін азаматтардың барлығы телефонын ЖСН арқылы тіркеуі тиіс екенін еске салды. Осының арқасында елде ұялы телефон ұрлығы азаюы тиіс. Оның айтуынша, бүгінде телефон ұрлығы барлық жасалатын қылмыстың 15-20%-ін құрайды.


Новости партнеров