Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы халықаралық армия ойындарында жалпы командалық есеп бойынша үшінші орынды еншіледі. Дала, әуе және теңіз машығы бойынша ресейліктер топ жарып, аспан асты елі екінші орынды місе тұтты. Биыл ұйымдастырылған ойындарға Қазақстан армиясының 350-ден аса әскери қызметшісі бақ сынаған еді. Ал күні кеше көрші Ресей мемлекетінде «Танк биатлоны» бойынша сайыста жүлделі екінші орынды қанжығаларына байлап қайтқан әскерилерді сән салтанатпен Астанада күтіп алды.
Бейімбет Бөдесов 10 жылдан бері әскери қызмет сапында жұмыс істеп келеді. Ауыр техника - танкіні қиналмастан жүргізеді. Соңғы 4 жылдан бері халықаралық Армия ойындарына қатысуда. Бірнеше ай көлемінде жаттыққан олар жеңісті қолдан оңайлықпен бермеуді мақсат тұтқан. Айтуынша, біздегі техниканың жағдайымен жүлделі орынға ие болу - абыройлы міндет. Онда танкішілеріміз 1 сағат 45 минут 41 секунд нәтижесімен Т-72 танкісін базалық жоғары дәрежеде басқару шеберлігін паш етіп, екінші орынды иеленді.
«Біз енді мамыр айынан бастап дайындыққа кірістік және үлкен жоғары дайындықта өтті деп ойлаймын. Өйткені осындай жеңіске жеттік. Көп мемлекеттің арасынан өзімізді, Қазақ елінің қандай екенімізді көрсете білдік. Бізде қиындық аса қатты бола қойған жоқ. Өйткені жақсы дайындықпен бардық», - деді Т-72 танкінің механик-жүргізушісі Бейімбет БӨДЕСОВ.
Мәскеудегі «Алабино» полигонында Армия халықаралық ойындары өз мәресіне жетті. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрама командасы әлемнің 28 елінен 150 армиялық команда арасында жалпы командалық есеп бойынша үшінші орынды жеңіп алды.
«Біз осы «Тану биатлоны» жарысына 1,5-2 ай дайындалдық. Дайындық барысында ешқандай кедергілер болған жоқ. Біздің бірінші мақсатымыз - финалға шығу болды. Финалда біз осы мақсатты орындап және біздің жоғары қолбасшылықтың арқасында өзіміз осы намысымызды бермей, жеңіске жеттік», - деді 1-есептоп командирі Асылбек ӘБДУӘЛИҰЛЫ.
Қазақ армиясының абыройы мен беделін қорғау үшін халықаралық аренада 350-ден аса әскери қызметші бақ сынады. Құрамамыз қанжығаларына 3 алтын, 7 күміс және 5 қола медальді байлады. Бүгінде Армия халықаралық ойындары қазір әскери қауымдастықта жоғары мәртебеге ие болып отыр. Жыл сайын елдер арасындағы достастық қарым-қатынас нығайып, сайыстың мазмұны жетілдіріліп, қатысушылардың ауқымы кеңейе түсуде.
Азамат Әуезхан, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы Астанадан