Латын әліпбиіне өзгерістер енгізілуі мүмкін

11.12.2017 21:40

Латын әліпбиіне өзгерістер енгізілуі мүмкін. Тіл мамандары қоғам пікірін ескеріп, апострофпен белгіленген қаріптерді басқа таңбаларға ауыстыруды жоспарлап отыр. Олар Алматыда жиын өткізіп, осы салада еңбек етіп жатқан ғалымдардың пікірін тыңдады. Басқосуға ассамблея мүшелері де қатысты. Мамандар жаңа әліпбиді қолданысқа енгізерде асығыстық танытқан дұрыс емес, дейді. Олар әлі де басқа да нұсқаларды қарап, ең тиімдісін таңдауды ұсынуда. Әйтпесе, апострофпен таңбалаған әріптерден сөз, яки сөйлем құрарда көп адамның қателесетінін айтады. Оның үстіне, дыбыстарды «үтірлермен» айыру - эстетикалық тұрғыдан талапқа сай келмейді екен.      


«Апострофтардың көбейіп кеткені кейде эстетикалық жағынан келмейді екен. Мәтінге онша жақсы сипат бермейді. Сосын бір бетте көлемі ұлғайып кететінін байқалды. Өйткені бірден екі әріп түседі ғой. Біраз қиындықтар бар екен. Сондықтан кейбір мамандарымыз айтып отыр: «кейбір әріптерді диграф түрінде қалдыру керек шығар» деген. Бір кездері барлығы диграфпен белгіленіп кетті ғой. Сондықтан осы екеуінің арасынан оптималды нұсқасын таңдау керек деген мәселе көтеріліп жатыр», - деді  ҚР БҒМ саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары Серік НҰРМҰРАТОВ.