Нығматуллин қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды реттеуді тапсырды

Нығматуллин қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды реттеуді тапсырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәжілісмендер Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы кезекке наразы. Төменгі палата депутаттары екі ел шекарасын шегендеу туралы шартты мақұлдау кезінде бекеттерде адам санының күннен күнге артуына алаңдаушылық білдіріп отыр.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жағдайды тез арада реттеудің жолын шекарашыларға тапсырды. Ал Ұлттық Банк басшысының жұмысына неге сын айтылды?

Мәжілістегі бауырлас халықтар – қазақ пен қырғыз шекарасын шегендеу отырысында алматылық депутат Зауреш Аманжолова бақылау-өткізу бекеттерінің баяу қызметін сынады. Халық қалаулысы премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған сауалында қос мемлекеттің арасында 8 бекет жұмыс істейтінін, «Қордай» мен «Қарасу» пункттерінде жыл сайын адам мен көлік кезегінің артып келе жатқанын жіпке тізді. Әсіресе, демалыс мезгілінде бұл жағдай ушығады деген депутат мәселені қалай шешу жолын еліміздің бас шекарашысынан сұрады.  

«Негізгі өткізетін бекеттер – Қордай, Ауаты, Сүртөбе. Иә, шынымен де демалыс мезгілі кезінде Қордайда Қазақстан мен Қырғызстан азаматтары көбейіп кетеді. Біз құжатты тексеретін Паспортты бақылау желісінің санын арттыруға жағдай жасап жатырмыз. Олардың санын 36-ға жеткіздік, 18-і елден шығарда, 18-і елге кіретіндерге қызмет көрсетеді. Шекарада жеті автокөлік және бір теміржол посттары бар», – деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры Дархан ДІЛМАНОВ.

Посттар саны жеткілікті ме деген Нұрлан Нығматулинның сұрағына Дархан Ділманов «иә» деп жауап берді. Шекара қызметі директорының жауабына таңырқаған Мәжіліс төрағасы бірнеше шақырымға жететін кезек мәселесін шешу керек екенін ескертті.

«Жыл сайын халықтан наразылық естиміз. Елбасы да бірнеше рет екі елдің өтпелі аумағында адам санының көптігін айтқан болатын. Сыртқы істер өкілдері, елшілік арқылы хаттар келіп жатады. Бұл мәселені тек математикалық тұрғыдан, яғни бекеттер санын арттырумен ғана шешпей, ХХІ ғасырға сай келетіндей халыққа ыңғайлы етіп жасау керек. Бұл жағдайды жауапты ведомстволар қаперге алуы тиіс», – деді ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.

Сонымен, мәжілісте Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараны шегендеуді депуттатар мақұлдады. Шекара сызығының ұзындығы 1 мың 257 шақырымды құрады. Шекара сызығын әр 10 жылда 1 рет қос тарап бірлесіп тексереді. Қорғаудағы белгілердің бүлінуіне, орнының ауыстырылуы мен қирауына жол берілмейді. Сондай-ақ, әр ел өзі орнатқан шекаралық белгілер үшін жауапты болады және оларды қарауды қамтамасыз етеді.

Жиында Мәжіліс депутат Айбек Қоңыров Ұлттық банк пен оның басшысын теңгенің құлдырауына қарсы ештеңе жасамай, тек сырттан бақылап отыр деп айыптады.

«Үкімет пен Ұлттық банк бізге доллардың жалпы нығаюы, дамитын нарықтан капиталдың кетуі, Ресейге қарсы санкциялар туралы көп нәрсені түсіндірді. Өзге елге назар аудару, мән беру шындығында, біздің ішкі жағдайымыздың қандай екенін шынайы көрсетпей келеді. Ұлттық банктің таңдап алған жолы – сырттан бақылау, өз болжамына сай болашақтағы инфляцияға дайындалу ғана», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айбек ҚОҢЫРОВ.

Мүмкіндік барда қол қусырып отыру жақсылыққа апармайды деген депутат халықтың жинаған зейнетақы қорын, депозитін сақтап қалуды сұрады. Барлығын қаз-қалпында сақтап қалсақ, азаматтар ұлттық валюта – теңгемен жұмыс істеуге болатынына сенеді деді Айбек Қоңыров. Депутаттың пікірінше, қаржыны мұнай сатудан түскен табыстан алу қажет.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров