Елімізде ескі көліктер азайып жатыр. Отандастарымыздың дені мінілген темір тұлпарлардан көрі, жаңасын алғанды жөн санайды. Өйткені, тозғанын жөндеу үшін тұрғындар еселеп шығынға батады екен. Бұл - отандық диллерлердің бізге айтқаны. Сондай-ақ, биыл Қазақстандағы көліктердің құны 6 пайызға қымбаттауы мүмкін. Бағаның не себепті өсетінін Дастан Сейілханұлы біліп қайтты.
Көлік нарығы кім-кімді де қызықтырады қазір. Тас жолдағы кептеліске, судай сапырылысқан көлікке қарамастан, отандастарымыздың дені қаражаты жетсе, темір тұлпардың жаңасын тізгіндеуге тырысады. Отандық дилерлер де өткен жылды түйіндеп үлгерді. Алайда, есептері көңіл көншітпейді. Олар былтыр бар-жоғы 46 мың көлікті сатқан екен. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2 есеге аз. "Сұраныстың төмендеуіне - әуелі қаржылық дағдарыс, одан кейін ескі көліктердің көптігі түрткі" - дейді мамандар. Ал, биыл темір тұлпарлардың құны 6 пайызға қымбаттауы мүмкін. Өйткені, бұрынғыдай жеңілдіктер жойылады.
«Қазақстан дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Мұны барлықтарыңыз білесіз. Аталған ұйым - алып. Ортақ келісімдер, талаптар болады. Сол себепті, Қазақстанда көліктерге бұрынғыдай жеңілдіктер болмайды. Барлығы әлемдік ұйым шарттарына сәйкес жасалады»,- деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті, Андрей ЛАВРЕНТЬЕВ.
Ал, кәсіпкерлер бұл талап - сұранысты азайтпайды деп отыр. Өйткені, елімізде құрастырылған көліктерді төмен пайызбен несиеге беру бағдарламасы биыл да жалғасады. Оның үстіне, темір тұлпарлардың жаңа түрі нарыққа шығады. Электромобильдерге де қызығатындар көп. Бірақ, құны қашан қолжетімді болатыны беймәлім.
«Аталған көліктер өте ыңғайлы. Шығыны аз. Батареясына өндірушілер 8 жыл кепілдік береді. 15 минутта толықтай қуат алады. Жүрісі жақсы. Алайда, электромобильдердің бағасы қашан түсерін айта алмаймыз»,- деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті, Андрей ЛАВРЕНТЬЕВ.
Отандық дилерлердің айтуынша, қазір қазақстандықтар жапон көліктерін жиі сатып алады екен. Олар нарықтың тең жартысын құрап отыр. Одан кейін, неміс машиналарына сұраныс жоғары.
Дастан Сейілханұлы, Валерий Таубалдиев, "Алматы" Телеарнасы