Шпагашы Дмитрий Алексанин Азия ойындарындағы жеңісін Денис Тенге арнайтынын айтты. Ақтық сында Олимпиада чемпионынан шеберлігін асырған спортшы Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, өз қуанышымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осы жеңіске жету үшін бар күшін салған бапкерлеріме де алғысым шексіз. Шыны керек, екі кореялық спортшымен жолым түйісетінін білдім. Сондықтан оларға қарсы дайындала бастадым. Әрине, финал оңай болған жоқ. Бірақ қарсыласымның осал тұстарын пайдалана білдім. Соңғы бір жыл бойы Азия ойындарына дайындалған едім, еңбегім зая кетпеді», – дейді Д. Алексанин.
Шпагашы өз жеңісін Денис Теннің рухына арнайтынын да жеткізді.
«Жеңісімді сөз жоқ, Қазақстан халқына және жақында ғана қайғылы қазаға ұшыраған Денис Теннің рухына арнаймын. Бұл мен үшін орны толмас қаза... Ал бүгінгі жеңіс жанкүйерлер мен жастардың біздің спортқа деген қызығушылығын арттырады деп сенемін. Алға, Қазақстан!», – деді Азия ойындарының чемпионы атанған Дмитрий Алексанин.