Қазақстандықтар Армениядан 2023-ші, ал қырғыз елінен 2025-ші жылдан бастап көліктерді мемлекеттік баж салығынсыз әкеле алады. Жоғарыда аталған шешімді Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы комиссия жасаған. Өйткені, отандастарымыз 2015 жылдан бері одаққа мүше болған Армения мен Қырғызстаннан темір тұлпар мінуге әуестік танытқан. Дегенмен, 5 елдің басын біріктірген сауда жүйесінде қазақстандықтарға емін-еркін көлік әкелуге кем дегенде, әлі 6 жыл күтуге тура келеді.
«Үшінші елдерден әкелінген автокөліктер бойынша, яғни шетелдік тұлғалар уақытша бір жыл мерзімге ешқандай кедендік төлемдерді төлемей-ақ әкеле алады. Сондай-ақ ондай авоткөліктерді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің тұлғалары тек кедендік төлемдерді қамтамасыз еткен жағдайда, яғни қаржылық кепіл салған жағдайда уақытша бір жылға әкеле алады», – деді ҚР Қаржы министрлігі МКК Кедендік әдіснама департаментінің бас сарапшысы Айбек ҮЙСІНБАЕВ.
Мамандар заңсыз әкелінген көліктер де бар дейді. Мысалы, Моңғолиядан 829 түрлі маркалы автокөліктердің рұқсатсыз тасымалданғаны анықталған. Құзырлы орган өкілдері барлық жағдай нақтыланбағанша, темір тұлпарларды Алматы облысындағы автотұрақтарға қойыпты.