«Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының ақтық мәресіне 16 отбасы іріктелді. Жеңімпаз алдағы демалыс күндері анықталмақ. Осымен бесінші рет өтетін шараға қатысуға 2 952 отбасы өтініш тапсырған. Бұл ең алғашқы, яғни 2014 жылғы байқаумен салыстырғанда 2,5 пайызға артық көрсеткіш.
Жалпылай алғанда 5 жылдық тарихы бар ұлттық конкурсқа 11 993 жанұя қатысқан. Мамандар үздіктерді анықтау және іріктеу жыл сайын қиындап барады дейді.
«Қоғамда, жүрген ортасында абыройға жету оңай емес, жалпы. Сондықтан ондай отбасылардың көбейгеніне біз де мүдделіміз. Үлгілі отбасыларды іздейміз. Біз оларды халыққа үлгі ретінде көрсетсек дейміз», – дейді ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат СҮЛЕЙМЕНОВА.