Қазақстан жаппай қырып-жою қаруын таратпауға үндейді. Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің алғашқы отырысы өтеді. Оған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Кеңестің төрағасы ретінде еліміз ұсынған тұжырымдаманы Қауіпсіздік Кеңесінің барлық мүшелері бірауыздан қолдапты. Айта кетейік, ол Елбасының екі маңызды құжатының негізінде жасалған екен.
Қазір бір сағаттан соң Нью-Йоркте, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы басталады. Шараның қозғағалы отырған тақырыбы да маңызды. «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» деген атпен өтетін кеңес отырысына еліміз төрағалық ететіні барлығымызға мәлім. Қазақпарат агенттігі тартқан мәліметке сәйкес, еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов алдағы өтетін шара туралы айтыпты. Төраға ретінде шараның тұжырымдамасы ұсынылған. Оның қауіпсіздік кеңесінің барлық мүшелері мақұлдапты. Тұжырымдама Елбасының екі құжаты негізінде жасалған. Яғни «Әлем. XXI ғасыр» манифесі және «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси Жолдауы қамтылды. Ал сарапшылардың айтуынша, еліміздің алдына қойған негізгі мақсаты - Орта Азия мемлекеттерінің бейбіт өмір сүруі мен олардың қауіпсіздігі болып отыр.
«Әрине, Қазақстанның сыртқы саясаты бізге белгілі. Бірақ менің ойымша аталған тақырыптан бөлек, өңірлік қауіпсіздік мәселесі сөз болады. Оның ішінде Ауғанстан басты назарда. Яғни оның экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсарту. Үшінші мәселе, ол - жалпы, Орта Азиядағы қауіпсіздік. Еліміздің төрағалық етіп отырған қауіпсіздік кеңесі арқылы сауда, экономика мен сыртқы байланыстарды нығайтуды көздейді», - деді Қазақстан Республикасының президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат КӨШКІМБАЕВ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Американың бірнеше компанияларының басшыларымен кездесті. Өз сөзінде мемлекет басшысы оларды «Астана халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеуге шақырып, оның әлеуетімен таныстырды. Атап айтсақ, мемлекет басшысы «GoldmanSachs» компаниясының президенті Харви Шварцпен, «ExxonMobil» компаниясының бас атқарушы директорымен және «Nasdaq» компаниясының президенті Адина Фридманмен кездесулер өткізді.
«Сіздердің Қазақстандағы «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеу туралы шешімдеріңізді құптаймыз. Америкада, Еуропадағы серіктестеріңіз де сіздерді үлгі тұтады деп үміттенеміз”, - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
«Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы жұмыстарыңыз бізді қызықтырды. Ағылшын құқығы мен тіліне қатысты жайттарды да ескердіңіздер. Біз мұндай ұстанымдарды қолдаймыз. Сондықтан орталық жұмысын асыға күтіп жүрміз. Өз тарапымыздан әлемдегі ең үздік теxнологияларды ұсынуға дайынбыз. Сіздердің негізгі компанияларыңыз мол табысқа кенелуі үшін IPO-ға активтер мен акцияларды қою бойынша тәжірибе бөлісуге дайынбыз», - деді «NASDAQ» компаниясының президенті Адина ФРИДМАН.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Линкольн орталығында өткен «Астана Балет» театрының концертіне барды. «Астана Балет» театры «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясындағы «Қазақстан Астана Балет Гала» бағдарламасын ұсынды. Жоғарыда атап өткенімдей Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы Астана уақытымен сағат 21-00-де басталады.