Қазақстан мен Қытай Қорғас өзеніне сел ұстайтын бөгет салмақ. Бұл туралы мәжілісте «Төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысты мемлекеттік жүйені дамытуға» бағытталған жиында айтылды. Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Астанадағы сел жүру қаупіне алаңдаушылық танытып отыр. Оның айтуынша, ағын су бас қаланың әуежайына да жетуі мүмкін.
Қазірдің өзінде оңтүстік өңірлерде мінез танытып жатқан топан су көктемде тіпті күшіне мінуі мүмкін. Осыған орай, Мәжілісте шенділер табиғи апаттың алдын алу шараларына бағытталған бос қосу өткізді. Халық қалаулылары алдымен Қорғас өзеніндегі Қытай мен бірлесіп іске асатын жобаны қарастырды. Аталмыш дамба 9,8 млн текше метрге жуық суға төтеп бермек.
«Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы бұл келісімге Қытай елі төрағасының бізге ресми іс-сапары кезінде қол қойылған. Құжатта Қорғас өзенінде Шүкірбұлақ бөгетін салу көзделіп отыр. Қазір аталмыш жоба депутаттар назарына ұсынылды», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.
Вице-министр әуежай маңына жақын орналасқан «Майбалық» көліне алаңдап отыр. Оның айтуынша, ағын су көлемі ұлғайса, көл арнасынан тасып, елді-мекендерді шайып өтуі ықтимал. Ол кезде әуежайда су астында қалмақ. Сондықтан дайындық қазірден қолға алынып, тойтарыс беруге дайын болуы тиіс.
«Аталмыш аумақ Астанаға Елбасының жарлығы бойынша қосылған болатын. Бүгінгі таңда қала әкімшілігі Майбалық көлі мен Нұра-Есілді байланыстырып тұрған дренаждық жүйені қалыпқа келтіруді бастады. Майбалыққа артық су жинамау - басты мақсатымыз», - ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.
Шенді оңтүстік өңірдегі жағдайға да тоқталды. Айта кетсек, күні кешеден бері Жамбыл мен Алматы облыстарын су басып, талай адам қауіпсіз аймаққа көшірілген еді. Осы жағдай биліктің де назарын аудартыпты. Вице-министр арық жүйелерінің ойдағыдай жұмыс істемеуі, әрі дайындықтың осалдығы бұған басты себеп, деді.
«Сел жүру қаупі кезеңі әлі келген жоқ. Көбіне қазір қардың еруі, болмаса жаңбырдың жиі жаууы салдарынан ағынды сулардың деңгейі көтеріліп жатыр. Елді-мекендерді басып қалу себебі - көбісі арық жүйелерінің дұрыс жұмыс істемеуінде болып тұр.Әрі, су қоймасы аймақтары толық дайын болмаған», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.
Өткен жылдың өзіне 1000-нан астам шараға 12,5 млдр теңге қарастырылған. Демек, мемлекеттік бюджеттен 6 млрд-тан астам, жергілікті бюджеттен 6,4 млдр теңге қаржы бөлініпті. Оған 2017 жылы 170 қорғаушы, 71 гидротехникалық нысандар жөнделіпті. 8 көпір мен 12 тас жолы қайта жасалған.