Қазақстан Тәжікстанға 1 гектар жерді жалға бермек

Қазақстан Тәжікстанға 1 гектар жерді жалға бермек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Тәжікстанға 1 гектар жерді жалға бермек. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар қос елдің өзара жер учаскелерімен алмасып, аталған аумақта өз елшіліктерін салуға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады. Бұдан басқа, халық қалаулылары еліміздің аумағынан Ауғанстанға тасымалданатын америкалық гумантитарлық жүкті өткізетін пунктер тізіміне Ақтау мен Құрық теңіз порттарын қосу туралы құжатты қолдады.

Мәжілісте АҚШ-тың Ауғанстан тұрақтылығы мен қайта қалпына келтіру жөнінде іс-қимылға қатысуына байланысты Қазақстан арқылы жүк тасымалдауға қатысты хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы қаралды. Құжатты таныстырған Сыртқы істер министр Қайрат Әбдірахманов енді Қазақстан Ауғанстанға тасымалданатын америкалық арнайы жүкті Ақтау және Құрық теңіз порттарымен жөнелтеді, деді. Бұл өткен жылы америкалық тараптың ауғанстандықтарға арнайы жүктерді тасымалдау бағытына өзгерістер енгізу туралы өтінішіне байланысты екендігін айтты. Ведомство басшысы еліміз осындай жауапты және игі іске 2010 жылдан бері атсалысып келе жатыр, осы арада Ауғанстанға біздің тарап 50 миллион долларға дейін қаржы бөлгендігін тілге тиек етті. Бірақ бұл жолғы шараға ел бюджетінен бір тиында шығарылмайды деп сендірді министр.

«Біздің өзіміздің ұлттық заңнамаларымызға сәйкес, бұл жұмыс атқарылады. Ешқандай қосымша қаражат біздің ұлттық, мемлекеттік бюджетімізден көзделмеген. Бұл тікелей Американың тарапынан, есебімен жүзеге асырылып отыр», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ.

Алдағы уақытта Қазақстан Тәжікстанға 1 гектар жерін жалға береді. Нақтырақ айтсақ, қос ел өзара жер учаскелерімен алмасып, аталған аумақта өз елшіліктерін салмақ. Сондай-ақ Қайрат Әбдірахманов «Қазақстан мен Тәжікістан арасындағы дипломатиялық қатынас енді қайта жанданбақ», деді. Өйткені, алдағы уақытта осы елдің басшысы Қазақстанға ресми сапармен келмек.

«Өздеріңіз білетіндей, өткен 2017 жылы Қазақстанға мемлекеттік немесе ресми сапармен Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғыз елдерінің басшылары келген болатын. Енді алдағы жетіде, яғни 14 наурызда бізге аса құрметті Тәжікістан президенті Эмомали Рахмон ат басын бұрмақ. Осылайша, біз Орталық Азия елдерінің басшыларымен жоғары деңгейде өткен келіссөздер кезеңін аяқтаймыз», - деді ¤ ҚР Сыртқы істер министрі  Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ.

Жиын соңында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин 8 наурыз мерекесіне орай Парламенттің төменгі палатасындағы барлық әйелдер қауымын мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

«Алдымызда 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні келе жатыр. Бұл - көктемнің ең әдемі, ең көрікті, ерекше мерекелерінің бірі. Сондықтан аяулы әріптестерімізді ертең болатын, көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, бақыт, қуаныш, жұмыстарыңызға табыс тілеймін», - деді  ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астанадағы Сирия қақтығысына қатысты келіссөздерге де тоқталды. Оның айтуынша, саяси шараға 3 кепіл ел, яғни Ресей, Түркия, Иран мәлідеме жасамақшы. Демек, Елордада Сирия қақтығысына қатысты кезекті рет келіссөздері өтуі мүмкін. Бірақ қай уақытта екені әлі белгісіз.


Новости партнеров