Walk Free қаржылық емес ұйымының жүргізген зерттеуіне сүйенсек, бүкіл әлемде 40,3 миллион адам құлдыққа жегілген екен. Олардың 75 мыңы Қазақстанда тұрады.
Мамандар бүкіл әлемдегі 167 елдің ресми статистикасымен жұмыс жүргізіпті. Олар өз зерттеуінде құлдықтың барлық түрін қамтыған: мәжбүрлеп еңбекке жегу, балаларды жұмысқа салу, жезөкшелік және әйелдердің еркінен тыс күйеуге шығуы.
Құлдыққа салынғандардың дені әйелдер – 71%. Мәселен, әлемде 24,9 миллион қыз бен әйел еңбекке жегілсе, 15,4 миллионы еркінен тыс күйеуге берілген.
Қазақстан бұл антирейтингте 83-орында. Біздің елде құлдыққа салынған адамдардың саны 75 мыңнан асып жығылады екен. Яғни, әрбір 1000 адамға шаққанда 4,21 «құлдан» келеді.
Ал, көштің басында Солтүстік Корея тұр, елдегі халықтың 10 пайызы мемлекет тарапынан мәжбүрлі еңбекке жегілген.
Рейтингтің алғашқы ондығында Эритрея, Бурунди, Орталық Африка Республикасы, Ауғанстан, Мавритания, Оңтүстік Судан, Пәкстан, Камбоджа және Иран бар. Яғни, Африка құрлығындағы елдерде әлі күнге дейін құлдық жүйе кеңінен көрініс тауып отыр.