Қазақстаннан 170 әскери түрлі бітімгершілік миссиясын орындауға дайын. Олардан басқа үш отандасымыз қазір Батыс Сахарада бейбітішілік жолында қызмет етіп жатыр. Алдағы уақытта арнайы дайындалған тағы екі әскери сонда аттанбақ. Марокко, Мавритания мен басқа тараптардың қызығушылығы бар аймақтан берілген тапсырманы ойдағыдай орындап, елге оралғандар да бар.
Гүлшан Асқарбекова жұбайы Арманның Батыс Сахарадан бітімгершілік миссиясын бітіріп келуін бір жыл күткен. Осы уақыт аралығында жұбайынан гөрі екі қызы қатты сағыныпты.
«9 жыл бірге болғасын, әскери тәртіпке үйреніп кеткенмін. Бітімгершілікке міндетімен алыс елге аттаннам дегенде қорықсамда, қарсы болмадым. Оның Қазақстан атынан бұл игі іске барғанын бірден құптадым. Жақында ғана келді. Қыздарымыз қасынан қалмайды», - деді Гүлшан АСҚАРБЕКОВА.
Ал Арман Асанов әскери бақылаушы болғанда демалысты ұмытқан. Бірнеше ғасыр бойы шекаралас жатқан Мавритания, Марокко елдері мен «Полисарио жасағы» атты жергілікті ұлтшылдар Батыс Сахараны бөлісе алмай, қақтығыс ошағына айналдырған. Тек аймаққа Біріккен Ұлттар Ұйымы келуімен атыс-шабыс тоқтап, тәртіп орнатылған. Қазіргі кезде үш тарап өзара келісіп, Батыс Сахараға «тәуелсіздік» алып беру жолында референдум өткізбекші екен. Арманның негізгі тапсырмасы мен миссиясы осы келісімнің дамуына үлес қосып, оқ атылмауға жол бермеу болған.
«Мен осы бір жыл қызмет еткен уақытта екі базада болдым. Бітімгершілік базасында. Бір базада 20-30 әскери бақылаушы болады. Бізде демалыс күндер болмайды. Біз көліктермен шығып, сол бізге берілген аумақтарды жағдайдын қадағалап, бақылап жүреміз», - деді ҚР Қорғаныс министрлігі қарулы күштер бас штабы жауынгерлік даярлық департаментінің аға офицері Арман АСАНОВ.
Ел әскерилері бітімгершілікке не бақылаушы, не штаб офицері ретінде аттанады. Рауф Наурызбаев екі міндетті де көрген, көтере білген. Оның айтуынша, Батыс Сахарада 30 елдің бітімгершілері бірден тіл табысқан. Өйткені мүдде бір, соғыссыз әлем орнату. Қиыны бітімгерлер қызметін қару-жарақсыз атқарады. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының қойған талабы.
«Бір жылымның 6 айын Батыс Сахарадағы бітімгерлік миссиямды мен патруль жасағында өткіздім. Жергілікті бір-біріне қарсы топтардың өзара шиеленісуіне жол бермедік. Екінші жарты жылдықта өзге штабта еңбек еттім. Құжаттармен жұмыс жасадым. Әрине, қиыншылықтар кездесті. Ауа райы әсіресе. Төбеңнен 50 ыстық ұрғанда, қиналасың», - деді ҚР Қорғаныс министрлігі қарулы күштерінің майоры Рауф НАУРЫЗБАЕВ.
Қорғаныс министрлігі 2014 жылдан бері Қазақстаннан Біріккен Ұлттар Ұйымының шақыртуымен қатардағы 15 офицерін Батыс Сахара мен Кот-Дивуарға жіберген. Олардың бірі соғыстан кейін қалып қойған жарылғыш заттарды іздеп, жоюмен айналысса, кейбірі құрғақшылық аймақта ауыз су көзін іздеген. Қалғаны медициналық штабқа көмек күші ретінде аттанған. Министрлік бітімгершілікке екінің бірін жібермейді.
«Ағылшын тілін жақсы біліп, психологиялық тұрғыда дайын болуы маңызды. 1 жыл бойы бітімгершілік қызметте түрлі жағдайлар болады. Ауыр жүк, джип көліктерін тізгіндеу де назарға алынды. Физикалық дайындығы мен қарумен атып білуі маңызды. Денсаулығының қандай болуы керектігін айтпасамда түсінікті», - деді ҚР қорғаныс министрлігі қарулы күштерінің бас штабы жауынгерлік даярлық департамент басшысының орынбасары Анатолий ДОВГАНЮК.
Қазіргі кезде еліміздің Қорғаныс министрлігінің және шетелде арнайы дайындықтан өткен, бітімгершілікке даяр 170 әскери мамандарымыз бар. Қазір олардың арнайы операцияларға қатысу туралы түрлі елдермен келіссөздер жүріп жатыр. Ведомтство өкілдері Батыс Сахарада екі бітімгершілеріміз бар, тағы үшеуі алдағы бірнеше аптада сонда аттанады деді. Бұл аймақтан бөлек, қазақстандық әскерилер жақын арада Біріккен Ұлттар Ұйымынан көмек сұратқан Ливанға да жіберілуі ықтимал.