Қазақстанның қандай тауарлары шетелде сұранысқа ие?

Қазақстанның қандай тауарлары шетелде сұранысқа ие?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгінде Қазақстан 123 елге тауарлар экспорттап жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тауарларды экспорттау географиясы кеңейіп, қазіргі уақытта 123 елге 800-ге жуық тауар түрі экспортталады. Кейбір тауар түрлерін экспорттайтын жаңа өткізу нарықтары ашылды. Мысалы, 2018 жылы біз машина жасау өнімдерін және құрылыс материалдарын Өзбекстанға, химия өнімдерін Украинаға жеткізуді бастадық», – деді Ж. Қасымбек.

Оның атап өтуінше, азық-түлік өнеркәсібінің өнімдері шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Экспорттың сомалық көлемі 112 млн АҚШ долларын құрады. Атап айтқанда, Иранға, Бахрейнге ет өнімдерін жеткізу басталды, Ресейге ет өнімдері, мал және өсімдік майлары, Қытайға өсімдік майы, Өзбекстанға қант экспорты артты.

«Бұған сауда миссияларын және отандық өнімді ілгерілету бойынша жарнама-таныстыру шараларын ұйымдастыру сияқты экспорттаушыларға сервистік қолдау көрсету айтарлықтай оң әсерін тигізді», – деді министр.


Новости партнеров