Халықаралық ЭКСПО көрмесіне Қазақ мемлекеттік циркі ерекше сый дайындады

Халықаралық ЭКСПО көрмесіне Қазақ мемлекеттік циркі ерекше сый дайындады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халықаралық ЭКСПО көрмесіне Қазақ мемлекеттік циркі ерекше сый дайындады. Әртістер көрермендерді ертеңнен бастап халық ертегісінің желісі негізінде қойылған "Ер Төстік" деп аталатын жаңа лазерлік шоуға шақырады. Бағдарламада әуе гимнасттары, акробаттар мен клоундар қазақы нақышта өнер көрсетпек. Құпияға толы қойылым 3 ай бойы дайындалған. Балалармен бірге ерекше шоуды біздің тілшілер де көріп қайтты.

Қойылымда Ер Төстіктің Кенжекейге деген шынайы махаббаты жауыздықты тоқтатқаны көрсетілген. Цирк өнерінің тілімен қойылған ертегіде батырдың жолынан сиқырлы кейіпкерлер кездеседі. Олар Самрұқ құс, Шалқұйрық, ақ пері мен дала эльфтары. Қойылымда басты рөлдерді, Ер Төстік пен Кенжекей, Ерназар мен Қарашаш және мыстан кемпір ойнайды. Ғажайып көріністерді цирк әртістері өздері қойыпты. Ерекше сюжетке құрылған қойылымда түрлі қиын трюктар халық назарына ұсынылады.

«Біздің қойылымдағы біздің трюктарымыз інім екеуміз қарға болып шықтық. Жаман рөлде ойнап жатырмыз. Жаңағы Ер Төстікке қаратай қарсы болып жатырмыз. Сондықтан біз ауада ұштық. Жаңағы трюктарымыз шпагат отырып, інім менің үстіме шығып жаңағыдай қолын жіберіп, крест деп айтамыз. Сол жаңағы крест трюгын орындап жатырмыз. Ауада. Қарға образында»,- деді Қазақ Мемлекеттік циркінің акробаты, Дәурен ҚАДЫРОВ.

Қойылымның ұзақтығы - 2 жарым сағат. Театр алды-цирктік қойылымға ерекше реквизиттер дайындалып, екі жүз дизайнерлік костюмдер арнайы тігіліпті. Ал бағдарламаның басты ерекшелігі - қазақтың халық ертегісінде лазерлік шоу көрсетіледі. Әртістер халық төккен терлерін бағалап, отандық көрсетілімді қолдайды деген ойда. Өйткені, қойылым енді 20-шы тамызға дейін әрбір сенбі-жексенбі сайын қойылады.

«Костюм қазақша. Қойылым бәрі қазақша. Қазақи түрде өзіміздің тарихи бұрынғы құндылықтарымыз қойылып жатыр. Костюмдердің бәрі жаңа. Музыка жаңа. Бәрін директорымыз жаңадан бәрін. Бұрында бұндай болмаған. Көптен бері болмаған. Бұл қойылымға келіңіздер! Көріңіздер! Өте қызықты болады»,- деді Қазақ Мемлекеттік циркінің әртісі, Шынар ӘБІЛҒАЗИНОВА.

Ал "Ер Төстік" ертегісін жаңа қырынан көрген балалар дән риза. Әсіресе, акробаттардың әрекеттеріне тәнті болыпты.

Әртістер қыркүйек айынан бастап еліміздің бірнеше қаласына гастрольдік сапарға аттанбақ.

Жадыра Омаржан, Перизат Көмекбайқызы, Қанат Қигізбаев, «Алматы» телеарнасы





Новости партнеров