Халықаралық қаржы орталығының ашылу барысында қателікке жол берілмеуі тиіс. Діттеген мерзім 2018 жыл. Үкіметте өткен алқалы жиын барысында министрлер кабинетінің жетекшісі Бақытжан Сағынтаев Қайрат Келімбетовке жобаның ойдағыдай іске қосылуына жауапкершілікпен қарауды қатаң тапсырды. Яғни келер жылдың алғашқы айынан бастап, аталмыш орталық жұмысын бастауға тиіс.
«Жалпы біз бұл жобадан айтарлықтай әсер күтіп отырмыз. Шынында да ойдағыдай іске қосылу керек. Өйткені, ол Елбасының тікелей бақылауында. Келіңіздер, қолдау көрсетіңіздер деп Халықаралық осындай орталықтың ашылатынын айтып жар салып жатырмыз. Ауқымы үлкен биржа қорларымен қажетті құжаттарға да қол қойдық», - деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Қайрат Келімбетов өз кезегінде жұмыстың жоспарлы іске асып жатқандығын жеткізді. Әрі қаржы орталығының негізгі бағыттарын атап өтті. Стратегияға сәйкес алдағы жылдары капитал мен активтер нарығына, жеке азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, ислами қаржы нарығы мен қаржы технологияларын дамытуға ерекше назар аударылмақ.
«Қаржы орталығы 2018 жылы іске асатын алғашқы транзакцияға дайындалып жатыр. Ол уақытқа дейін жергілікті сараптама жасау орталығына айналады деген ойдамыз. Ал, IPO-ның акцияларын ашық жариялау жергілікті компаниялардың нарығын дамытуға серпін береді. Сонымен қатар, икемді реттеу мен жаңа бағыттарда сараптама жүргізу оның ішінде ислам қаржысы, технологиялық қаржы бағытында даму ғаламдық деңгейдегі нарықта өз орнымызды айқындауға мүмкіндік береді», - деді «АСТАНА» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат КЕЛІМБЕТОВ.
Келер жылдан бастап халықаралық қаржы орталығының биржасында құнды қағаздар мен ұзақ мерзімді тетіктерді іске қосу көзделіп отыр. Мамандардың айтуынша, аталмыш мекеме Астана қаласын тек Қазақстан шеңберінде емес, әлемдік деңгейде үлкен көлемдегі бизнес-хабқа айналдырмақ. Халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу салтанаты 2018 жылдың шілде айына белгіленіпті.