Халықты газбен қамтамасыз еткеннің орнына алпауыт компаниялар өзара қырылысып жатыр

Халықты газбен қамтамасыз еткеннің орнына алпауыт компаниялар өзара қырылысып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халықты газбен қамтамасыз еткеннің орнына алпауыт компаниялар өзара қырық пышақ болып қырылысып жатыр. Алматы облысындағы аудан тұрғындарына газ құбырын тартумен айналысқан 14 компанияның басшылары бұл жолы «ҚазТрансГазАймақ» Акционерлік қоғамының үстінен бәсекелестік  қағидасын бұзды деп шағымданды. Айтуларынша, монополистер маңайына жолатпай, жекелеген мекемелерге ғана рұқсат құжаттарын мезгілінде береді. Салдарынан жекелеген үйлер ақшасын төлесе де, айлап үйлеріне газ қоса алмайды. Ал көгілдір отынмен қамтамасыз етуге рұқсат беретін «ҚазТрансГаздың» басшылары бұра тартуға барған жоқпыз, дейді. 

Талғар ауданындағы ауылдарға газ құбырын тартуға лицензия алған адамның бірі - Ермек. Төрт жылдан бері теперіш көріп келе жатқан директор «әрбір үйге тартылатын газдың құжатын қолдарынан өткізетін «ҚазТрансГазАймақ» сан түрлі сылтау тауып, сергелдеңге салып қояды» дейді. Салдарынан сарсаңға түскен тұрғындар құжаттарын бізден кері қайтарып, келісім шартты бұзуға дейін барады, дейді. 

«Сол жақта отырған қызметкерлер өзіне тартады, сен бізге кел деп. Басқа жеке компаниямен, мен жеке компаниямын, олармен істемеңдер, дейді. Сендер «ҚазТрансГазАймақпен» істеңдер, дейді. Ол үкіметтің компаниясы деп. Біздің адамдар көбісі үлкен кісілер. Кеңес заманы. Үкіметке үйренген», - деді "Строй Капитал" ЖШС директоры Ермек  ҒАЛЫМБЕТОВ.

"Монополистер маңайына жолатпай, бәсекелестік қағидасын бұзып отыр" деп шағымданған тағы 13 компания бар. Айтуларынша «ҚазТрансГаз-Аймақ» компаниясы «Зенит ТВК» мекемесінің мүддесін көбірек қорғап, ал  өзге компаниялардан  уақыт созу үшін артық құжат талап ететін көрінеді.

«ҚазТрансГазАймақ» «Зенит ТВК» мүддесін қолпаштайды. Біздің тапсырыс берушілеріміз Алматы жəне Жетісу филиалдарында 5 аптаға дейін күтеді. Газбен қамту жобасын тіркеуге 2 апта, қабылдап, тапсыру шаралары 2 апта, жобаны мақұлдауға 4 апта уақыт кетеді», - деді «Жаңа- Дәуір» ЖШС өкілі  ЖУАСБЕК СЕЙІТЖАНОВ.

Теперіш көргендер тендрлік теңсіздікті айтпағанның өзінде, ақшасын төлеген абономенттерге құжат жылдам берілмегендіктен, көгілдір отынға 4 айда əрең қосылады, дейді.  Ара ағайындық болған кәсіпкерлер палатасы екі жақтың уәжін тыңдағанмен, тексеріс жүргізіп, барлығының бизнесіне араласуға құқымыз жоқ, деді. Ал бассыздыққа барды дегенді жоққа шығарған «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өкілдері тек қауіпсіздік үшін қадағалаудың қатаң екенін ескертті. Қандай компания қанша үйге газ тартқанында тізіп көрсетті. 

«Өздерінің техникалық қауіпсіздігі жағынан шарттарды сақтамайды. Жұмыстарын  жөнді жүргізбейді. Ақаулар бар. Жаңа суретте көргендей үйге газ трубасын кіргізгенде футлор бар. Оны қоймайды. Сіздер жақсы жұмыс істеп жатқан Хенит компаняисы бұл шарттардан шығып тұр ма? Бұл компания шарттарды орындайды. Біз мердігер ретінде оны бақылап тұрамыз. Газбен адамдарды қауіпсіз қамтамасыз етеді», - деді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ  Жетісу өндірістік филиалының директоры ЖАЙЫҚ ӘЛІШЕВ.

Алматы нарығында 87, облыста 40 тан астам компания жұмыс істеп келеді. Айыптауларды жоққа шығарған монополистердің мәліметінше,  қауіпсіздікті қатаң қадағалау  әліде жалғасады. Өйткені өткен жылу маусымында тек  Алматыда газдан 27 адам зардап шексе олардың 7-і жан тапсырған. Ал ел көлемінде 114 адам жарақат алып, олардың 45-і көз жұмған. Апатқа әкелген орындар жекеменшік, жауапкершілігі төмен мекемелерге тиесілі.  Ал әділдік бәріне бірдей болу керек деген арызданушылар рұқсат құжаттары ХҚКО арқылы берілсін деген ұсыныс айтты. 

Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев  Алматы телеарнасы



Новости партнеров