Ашық аспан астындағы классика: Алматыда «Көктөбе Opera-2018» фестивалі өтті

27.08.2018 22:18

Алматыда осы демалыс күндері дәстүрге айналған «Көктөбе Opera-2018» музыка фестивалі өтті. Ашық аспан астында болған кеште көрермендер  сырлы сазға толы әлемдік классика жауһарларын тыңдады. Сондай-ақ, биыл италиялық тенор, операның «Оскарын» жеңіп алған Винченцо Констанца арнайы шақырылыпты. Дауысы көпті тәнті еткен әртіс кеште бірнеше шығарма орындады. 2 күнге созылған музыка фестивалінде ұйымдастырушылар тыңдармандарды тағы да немен қуантты?

Алматылықтар ешқашан ескірмейтін, заман ағымынан еш қалмайтын, есесіне, көңілді жадыратып, жүректі тербейтін әуендерді тыңдауға асықты. Биылғы «Көктөбе Opera» классикалық музыка фестивалі жүздеген көрерменді жинады. Тыңдармандар теңіз деңгейінен 1100 биіктікте, яғни көкте отырып, ашық аспан астында симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен ән шырқаған үздік опера солистерін және опера жұлдыздарын тыңдады. Ал кешке әлемге әйгілі дирижер Алан Бөрібаев жетекшілік етті.

«Қазақстанда Джакомо Пуччинидің «Виллисы» операсынан алғаш рет ария орындалды. Бұған дейін мұндай бізде болған емес. Бұл өте қызықты. Себебі, ашық аспан астында, таза ауада «'O sole mio» шығармасы бұрынғыдан да әсерлі, ерекше естілері сөзсіз», – деді Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры Асқар БӨРІБАЕВ.  

2016 жылы фестивальге Испанияның тенор дауысты әншісі Александро Рой қатысса, былтыр Италияның тенор дауысты опера әншісі Стефано Ла Колла келген еді. Ал биыл көпті талантымен таңғалдырған, Еуропа сахналарын бағындырған Винченцо Констанца өнер көрсетті. Алматылықтар оны ерекше ықыласпен қарсы алды.

«Мен өкінішке қарай, Алматыда жиі болмаймын. Бірақ осы көргенімнің өзі мені бір сілкінтіп тастады. Балет, оркестр және дирижерлер қосынының бірігіп, сондай үйлесімділікте өткізген концертін көріп, керемет демалып қалдым. Өте жоғарғы деңгей, таңғажайып кеш! Бұл біздің Қала күнін қалай атап өтетіндігіміздің белгісі. Сапалы, құнды шараны көрдім деп қуанышпен ауыз толтырып айта аламын», – деді актриса Самал ЕСЛЯМОВА.

Кешті әсерлі өткізу үшін ұйымдастырушылар тыңғылықты дайындалыпты. Операдағы ариялардан соң, сахнаға балет майталмандары да шықты.

«Жалпы ашық аспан астында концерт өткізу, бірнеше стильдің басын қосу әлемде бар үрдіс. Мұндай шаралар Германияда, Америка Құрама Штаттарында, Францияда бар. Біздің елде де осындай фестивальді өткізгеніміз зор қуаныш, мәртебе болды», – деді Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Эмиль САКАЛОВ.  

«Көктөбе Opera-2018» шарасы екі күнге созылды. Әйтсе де, музыканы шын ықыласымен жақсы көретін тыңдармандар әртістерді сахнадан жіберлері келмей, ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті.



Жадыра Омаржан, Влад Шишко, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы