Парамен ұсталған Ерлан Біләлға бір топ зиялы қауым араша түсті

Парамен ұсталған Ерлан Біләлға бір топ зиялы қауым араша түсті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сатқын сотталсын! Бір топ зиялы қауым,  парамен ұсталған Ерлан Біләлға араша түсті. Айтуларынша, бұл жағдайды әдейілеп ұйымдастырған. Жиналған жұрт жобалап оның кім екенін білсе де, көпшілік алдында атын атап, тіс жармады. Әкем театрда өткен жиынға әріптесім әйкерім ердәулетқызы қатысып қайтты.

Тас түскен жеріне ауыр. Қарашаңыраққа жиналған зиялы қауымның қабағы қатулы,  жанары жасқа толы. Үлкен-кішісінің тілегі бір. Ол-қоғам қайраткері Ерлан Біләлдің пара алуын ұйымдастырған адамның айыбын әмбеге аян ету. Сатқындық жасаған жанның жазасыз қалмауын әуелі халықтан сұрады. Ақбасымен келген абыз ақсақал Асанәлі Әшімов те Ерлан Біләлға араша түсті. Ауырып жатқан жерінен шақырып Ерланның қолына кісен салдырған кісіге қатысты тоқ етерін айтты. 

«Әрине, өнер адамына бұл келісімсіз жағдай. Мен айтар едім, мына өскен, өңген елдерде керісінше «сатқындарды» соттау керек.  Соғыс жылдары отанын сатқан адамдарды ұлы көсемдер атқан. Анау елге барып. Сондықтан, бұл да отанын, елін, істеп жүрген жерін сатты деген сөз. Сондықтан, осыны ұйымдастырған адамды сотқа шақырамын мен! Арнайы, бүкіл аппаратураны орнатып, біздер Жапонияға кеткенде, әріптестердің барлығы демалыста болғанда, театрдың ішіне бәрін орнатып, ауырып жатқан жерінен қоймай шақырып»,-деді ҚР және КСРО халық әртісі, Асанәлі ӘШІМОВ.

Біреудің бұндай жымысқы әрекеті күллі қазақ өнеріне күйе жаққанмен тең дейді жиналған жұртшылық.  Әкем театрдың өсу дәуіріне бет алған шағында басшылығын аяғынан шалғысы келгені анық екендігін де алға тартады. Әртіс армандайтын рөлдің бәрін сомдаған Ерлан Біләлдің басы дауға қалғанымен, оның сахнадағы сағын сындырып алмауымыз шарт десті қауым. Ата-заңды аттаса, жауап берсін-ақ, бірақ  халықтың көзайымы болуға ешкімнің шек қоя алмайтындығын ашық айтты. Айтты да, оның атқарған жұмысын жіпке тізді.  

«Тарихтан білеміз, Моцарт пен Солерьидің қалай болғанын. Демек, арамызда Солерьилер бар. Олар ең қиын әрекетке барып отыр. Директор ретінде 2 жарым жылдың ішінде, Жапонияға апарды, жақсы баға алып қайтты. Лондонға апарды, жақсы баға алып қайтты. ЭКСПО-ның кезінде біздің театр авангард ретінде бастан-аяқ сол жерде жүрді. Менің есімде қазақ хандығының 550 жылдығы кезінде түгел көшіп бардыңыздар»,-деді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, Нұрлан ОРАЗАЛИН.

Ақ қарасын айырмай тұрып, Ерлан Біләлді ұлттық бюро қызметкерлері ұстаған сәтін суретке түсіріп желімен таратып жіберген адам да істегенін мойынымен көтерсін деп ұрандатты өнер адамдары. Қазақтың марқасқалары мақтаған Ерлан Біләлді бұдан артық қалай ақтауға болатындығын да баса айтты. Сөйтіп, өзге елдің басынан өткен сындарлы сәтті бір сәт еске түсірді. 

«Бұл қасақана жасалған қиянат-өнерге жасалған қиянат деп білемін. Алла Борисованы бәрің білесіздер,осындай қитұрқы тірліктерге тартылып жатқан кезде, Путиннің өзі - бұл Ресей халқының өзін қаралауға жасалып жатқан дүние. Халықтың бетке ұстарын не істеп жатырсыңдар, құртыңдар, жоғалтыңдар деген екен. Қасақана жасалған адамның, параны беруші де, алушы да адам сотталу тиіс. Мен сіздерден сұраймын, жазалансын. Енді қайтып өнерге қиянат жасалмасын, ағайын»,-деді М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі, Күнсұлу ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ.

Осылайша, соңғы нүктені қоятын сот қос тарапқа да әділ жаза кессін деп кесіп айтты кесек тұлғалар. Естеріңізге сала кетейік, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының директоры Ерлан Біләл қарашаңырақта  балалар қойылымын өткізуге орын беру үшін бір жарым млн теңге пара алған. Ұлттық бюроның баяндауынша, ол өз кінәсін толық мойындағандықтан, қамауға алынбаған. Ерлан Біләл темір торға тоғытылмаймын десе, алған ақшасын 60 есе қайтару арқылы ғана ауыр жазадан айналып өтуі мүмкін. Бірақ, театр тарланының тағдырын сот шешеді.

Әйкерім Ердәуклетқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров