Көлсайда төртінші көл пайда болуы мүмкін

Көлсайда төртінші көл пайда болуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кегенде сырғыған таудың кесірінен төртінші көл пайда болуы мүмкін. «Қазселден құтқару» қызметі өкілдерінің айтуынша, Көлсай көлі де дәл осындай  опырылған таудың сайды жауып тастауынан пайда болған. Ал төрт күн бұрын төменге сырғыған тау жынысы жолды басып, өзен арнасына жетті. Туристер көп баратын Көлсайдың жолы жабылды. Миллиондаған текше метр топырақтың кесірінен бұл жақта туристік маусымның қашан ашылатыны белгісіз. 

«Малыбайдың шоқысы» деп аталатын тау алғашында сағатына төрт-бес метрге дейін жылжыса, қазір ол 50 см дейін қысқарған. Сырғыған тау төмендегі электр бағанын қиратып, Көлсайға баратын жолды жауып, алды өзенге жеткен. Ал көз ұшындағы  анау ақ жар құлауы мүмкін. Себебі, мамандардың айтуынша таудың бөктерінде әрбір 5-10 метр сайын жарық пайда болған. 

Сағат түнгі үште гүрілдеген дауысты көріп, дүрлікен қойшының бірі - Тоқтабек Дүйсенұлы осы кісі. Қиядағы қорасы қопарылыстан қалыс қалсада, көршісіне қауіп төнгендіктен көшіп кеткен. Беткейдегі қой-қозысы тоқтамай, тұрған төбеге тарта бергендіктен қайта-қайта қайырып әлек.

«18 сәуір күні, түнгі үш жарымда гүрілдеген дауыс шықты. Мына көршінің үйінде болғанбыз. Ол жерде біз бес адам болдық. Малымыз бар. Сол көшкінге кетіп қалмасын деп жүрміз», - деді  Тоқтабек ДҮЙСЕНҰЛЫ. 

Көлсайдың бекетіне қарауыл қойылып, қиядан келе жатқан топырақтың тұсына баруға тиым салынған. Секундына  2 текше метр су ағатын Көлсай өзенін біртіндеп басып жатыр. Қауіпті қарап отырған «Қазселден құтқару» қызметі сырғыма тоқтамаса, төртінші «Көлсай» пайда  болуы мүмкін дейді. Жоғарыдағы үш көлдің де тарихы осылай басталған. 

«Көшкін өзеннің арнасына түсе-түсе сол жақ жағаға барып тіреледі. Биіктігі 5 метр, одан кейін 10 метр, оданда биік, ал ұзындығы 200 метр, оданда ұзын үйінді пайда болады жаңағы арнада. Сол үйіндінің әсерінен  көл пайда болуы мүмкін», - деді «Қазселденқорғау» ММ басшысы Тоқтарбек БАЙМОЛДАЕВ.

Туристер көп тұрақтайтын Көлсайдың жолы осы қалпы ашылмаса, келесі бөктерден жол салынады, дейді ауыл әкімі. Тек  өзен аңғарына зәулім үй мен қоражайы жайғасқан ауқаттының екі гектардай мекеніне қауіп төніп тұрғаны болмаса, төмендегі Саты,  Құрметінің тұрғындарына көшкін келмейді.

«Жарға барып тіреледі. Оларға ескерту берілген, үлгереді, бәрі кетеді. Алдында жер сілкінісі болған. Соның әсері болуы мүмкін. Одан кейін жаңбыр жауды», - деді Алматы облысы Кеген ауданы Саты ауылының әкімі  Әлібек ИБРАИМОВ.

Құтқарушылар әдетте құлаған, опырылған топырақтың көлемі 100 мың текше метрден аспайтын. Ал осы жолығы табиғатттың тосын мінезінен болған топырақтың көлемі кемінде 50 млн текше метр болып отыр дейді. Ал зерттеушілер тау жынысының құрамы сары топырақ, құм және тас  араласқандықтан сырғыма оларға тән қасиет дейді.

30-дан астам техника арқылы геодезист, геолог, гидрогеолог сынды 60-тан астам маман ұзындығы 1,7 шақырым, ені  900 метрге таяу болатын  төтеден  төнген тау құрамын зерттеп жатыр. Көлінің тұнық, табиғатының талайды тамсандыруымен аты шыққан ұлттық парк жолының қашан ашыларын ешкім дөп басып айта алмай отыр.


Әмірболат Құсайынұлы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров