Тұрғын үйді заңсыз жалға бергендер қатаң жазаланады

14.09.2018 00:52

Жылжымайтын мүлікті жеке кәсіпкерлермен қатар, жеке тұлғалар да заңды түрде жалға бере алады. Ал тұрғын үйді заңсыз жалға бергендерге қатаң жаза қолданылмақ.

Салықшылар алдымен ауызша ескерту жасайды. Кейін құлақ аспаған жағдайда 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 36 мың теңге айыппұл салады. Бұл туралы брифинг өткізген қаржы министрлігінің өкілдері айтты.

Салықшылар жұртшылық жылжымайтын мүлікті бөтен адамға бергенде, көп жағдайда қандай салықтық міндеттемелер барын біле бермейді дейді. Сондықтан да мамандар салық төлеу процесін дүйім жұртқа түсіндіріп, қалай жүзеге асатынын түсіндірді. Мүлікті жалға берген жеке тұлға табыс мөлшерінің 10 пайызын тұрғылықты жері бойынша төлеуге міндетті. Ал жеке кәсіпкерлерге Салық кодексінің режимін таңдау құқығы берілген.

«Бірінші режим – патент негізіндегі арнайы салық режимі. Бұл режимде салық болжанған пайданың негізінде алдын ала төленеді. Мүлік иесі өзіне кез келген ыңғайлы аралықты таңдай алады. Ол 1 ай, 3 ай, 6 ай немесе 1 жыл мерзім болуы мүмкін. Патент ұзартылуы да мүмкін. 2018 жылдың басынан бастап патент негізіндегі салық режимінің ставкасы атап айтқанда, пәтерді жалға беретіндер үшін 2 пайыздан 1 пайызға дейін қысқартылды», – деді ҚР ҚМ МКК Камералдық мониторинг басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ербол ӘМІРХАНОВ.

Бұл механизм жалдамалы еңбекті пайдаланбайтын және табысы жылына 7 миллион теңгеден аспайтын адамдар үшін қолжетімді. Ал екінші жағдайда табыс алынғаннан кейін бір-ақ төленеді. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу үшін «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электронды түрде кәсіпкерліктің басталуы жайлы хабарлама ұсыну қажет.  

«Екінші талап – салық алдын ала, яғни патент алынғанға дейін төленуі керек. Екінші режим – оңайтылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі. Бұл режимде 6 айда бір рет тапсырылады. Декларация белгілі бер мерзімде атап айтқанда, алынған табыс сомасы жарты жылға көрсетіледі. Сол соманың 3 пайызы салық ретінде есептеледі. Салық табыс алынғаннан кейін төленеді», – деді Ербол ӘМІРХАНОВ.