«Шұғыладағы» шу: Алматыда мемлекеттік бағдарламамен коммуналдық жүйесі қосылмаған үйлер берілген

«Шұғыладағы» шу: Алматыда мемлекеттік бағдарламамен коммуналдық жүйесі қосылмаған үйлер берілген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Наурызбай ауданына қарасты «Шұғыла» шағын ауданында мемлекеттік бағдарламамен берілген үйлерге жарық та, көгілдір отын да тартылмаған. Көпқабатты 7 үйдің жұртына берілген электр кабелдері есік алдында бос жатыр. Жеңілдетілген пайызбен пәтер алдық деп қуанған қауым коммуналдық мәселесі шешілмеген аумақта үреймен өмір сүріп отыр. Ыстық суы жоқ болса да, қымбат тарифпен төлеп жатқан тұрғындар күрделенген көп мәселені мезгілінде шешпеген мердігер компаниялардың ісіне наразы.

«Шұғыла» шағын ауданындағы көпқабатты 7 үйдің 95 пайызына көктемде көпшілік қоныстанып үлгерген. Бұқараның көбі мемлекеттік бағдарламамен баспана алғандар. Екінші деңгейлі банк арқылы пәтерлер жаппай таратылғанымен, тоқ тартылмаған. Жұрт жерде жатқан кабель арқылы әупірімдеп күн көруге мәжбүр.

«Советтік кабелдері далада жатыр. Жанында балалар ойнап жүр. Енді сол жерде бір бала өліп барып қолға алмаса, бұлардың қимылдайтын түрі жоқ. Газ неге берілмейді?  Сәуір айынан бері газ жоқ. Газды берсе, халық жарықты аз қолданады. Кей күндері суық суды тәуліктеп бермейді», – деп наразылығын білдірді Күлсін ОРЫНБАЕВА.

«Жерде ашық жатыр. Кабел жүктемені көтере алмайтындықтан, күнделікті күйіп-жанып, қиындық тудыруда. Күнде ертең деген уәдеге тойдық. Мына жерде халықтың бәрі шулап жатыр», - деп шырылдауда «Березка» ПИК төрағасы Бақтыбай ӨТЕГЕНОВ.

Құрылысты салған компания болса, сырттағы коммуналдық жұмыстарға біз жауапты емеспіз дейді.  Тек кезінде құрылыс салу үшін қолданған кабелдерді «халықтың қамын ойлап» қалдырдық дегенді алға тартты.

«Құрылыс үйді көтерген жағдайда берген тоқ еді. Сол тоқты осы жердің тұрғындарының жайын ойлап, солардың жағдайын жасап, бар жарығымызды, қолымыздағыны бердік», – деді «Тимурс Сonstruction» ЖШС-нің «Шұғыла» шағын ауданы бойынша жауапты өкілі Әли ТАСЕНОВ.

Жағдайды жасадық деген мердігер мекеменің өкілі «Алатау» жарық компаниясы тоқ желісін қабылдап алса ғана тұрақты жарық беріледі дейді. Алты айдан бері іске қосылмай, қажетсіз болып тұрған тоқ тарату шағын стансасын жауаптылар сағыздай созып, өз қарамағына әлі алмай келеді. Ал ашынған халықтың айтуынша, ыстық су сары лай әрі салқын болса да, оның бағасын қымбат тарифпен төлеуге мәжбүр. Интернет атаулыдан құр қалған халық ауладағы бітпейтін құрылыс жұмыстарынан әбден мезі болған.  

«Судың сапасы өте төмен, сары түсті әрі майлы болып тұрады. Оған жуыну да мүмкін емес. Сонда оған не үшін ақша төлейміз?», – деді наразы тұрғынның біреуі.

«Сервис қызметі көп болғанмен, шындығында, олардың бәрі жұмыс істемейді. Бірақ төлем түбіртегі тұрақты келіп тұрады. Көгалдандыру жұмысына ғана емес, көптеген мәселелерге де наразылығымыз бар», – дейді тағы бір жергілікті тұрғын.

Ауладағы арық, балалар алаңы, көгалдандыру, жарықтандыру сынды толып жатқан жұмыстарды қадағалап, тендермен тапсырыс берген – Қала құрылысы басқармасы екен. 2017 жылы аяқталған үйлердің алдын әлі күнге созып келе жатқан басқарманың тендерін «Универсал В» компаниясы ұтып алған. Әкімдіктің шақыртуына құлақ аспаған мекеменің басшылары ауладағы қыруар жұмысты қыркүйекке дейін аяқтаймыз деп қана сәлем жолдапты.

«Аяқталған үйлердің көріктендіру жұмыстарын осы жылы өткізу керек болған. Аталған жұмыстар әлі аяғына дейін біткен жоқ. Сол себепті, тұрғындар тарапынан наразылықтар тууда. Аудан әкімі аппаратына да өтініштер мен арыздар түсуде. Жауын-шашын кезінде су басады. Сондай қауіптер туып жатыр. Сондықтан біз тапсырыс берген құрылыс басқармасына өз тарапымыздан да айтып, хат жолдап жатырмыз», – деп жағдайды түсіндірді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Асылхан Орынбеков.

Әкімдіктің айтуынша «Алатау» жарық компаниясы тоқты өздерінің қармағына алу туралы құжаттарға қол қойған. Қыркүйектің онына дейін жарық беру толық шешілмек. Ал құрылысты жүргізген компания болса, әрқайсысы 9 қабаттан тұратын 7 үйге жұрт толық қоныстанбай, газ берілмейді дейді. Бірақ осы уақытқа дейін 497 пәтердің 95 пайызына жұрт жайғасып үлгерген.

Әмірболат Құсайынұлы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы




Новости партнеров