ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой француз фармацевтикалық «Sanofi» компаниясына қатысты дауға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетсек, бұған дейін бірқатар БАҚ құралдарында Sanofi компаниясының Қазақстандағы және Таяу Шығыстағы еншілес кәсіпорындары өз өнімінің сатылымын арттыру үшін лауазымды адамдарға ақша бергені туралы ақпарат тараған болатын. Ақпарат АҚШ-тың құнды қағаздар және биржалар бойынша Комиссиясы сайтында жарияланған еді. Сарапшылар француз компаниясының өкілдері мемлекетпен келісімге келу үшін пара бергенін айтқан.
«Барлық тексеріс жұмыстары өтінімдерге байланысты басталады. Негізінен, заңсыз төлету – бұл министрліктің құзіреті емес. Біз бағаны реттейміз. Егер бұзушылық тіркеліп, ол жерде лоббилендіру болса, бұнымен тиісті құрылымдар айналысады. Егер кінә дәлелденсе... Ол жерде барлығы құқықтық алаң аясында жүргізіліп жатыр», – дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой.
Оның айтуынша, алдағы істің ауаны компанияның жемқорлыққа қатысы бар ма, әлде жоқ па деген сұрақтың жауабына байланысты болады.
«Алда не болатыны кінәнің қаншалықты дәлелденгеніне байланысты. Әзірге біз тек бапты көріп отырмыз. Егер нақты факт болса, біздің құзіретті органдар оны тексереді. Шешім құқықтық алаң шеңберінде қабылданады. Қосымша ештеңе айта алмаймын», – деді министрліктің өкілі.