|
30.08.2018 | 14:02
10737

Ата Заң 23 жылдан бері ел тыныштығы мен құқық үстемдігін сақтап отыр – Конституциялық Кеңес

Ата Заң 23 жылдан бері ел тыныштығы мен құқық үстемдігін сақтап отыр – Конституциялық Кеңес

Еліміздің жан-жақты дамуына ұйытқы болған Ата Заңымызға – 23 жыл. Осыған орай, Астанада Конституциялық Кеңес конференциясы өтті. Жиында тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет үздік жас заңгерлер есімі анықталды. Ал Президент жиынға келген шетелдік мамандарды қабылдап, ел Конституциясын жазуда қанша мемлекеттің тәжірибесі қаперге алынғанын тілге тиек етті. 

1995 жыл. Әлем картасында өз алдына жеке ел болып енген жас Қазақстанның мемлекет болып қалыптасып, өз бетімен өмір сүріп келе жатқанына 4 жылдың жүзі. Сол жылы еліміздің негізі мен басты заңы саналатын, жаңадан жазылған Конституцияға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мөр басып, көпке өз Ата Заңымыздың қабылданғанын жариялады. Тарихи сәттен бері 23 жыл өтіпті. Одан бері ертеңі құбылмалы көрінген Қазақстан аяғынан нық тұрып, әлемдік аренада өзіндік орны бар мемлекетке айналды.

«Жаңа Конституция бүкіл халықтық референдум арқылы қабылданды. 7 миллионнан артық қазақстандық азамат, яғни дауыс бергендердің 89 пайызы жаңа Конституцияны қолдады. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Тарихта қазақ халқы тұңғыш рет өзінің тағдырын таңдады, өзінің болашағын таңдады. Бұл болашаққа апаратын қастерлі құжат» деп еді. Міне, 23 жыл өткеннен кейін де қасиетті құжат өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр. Өйткені, қолданыстағы Конституция Қазақстанда тыныштықты, экономикалық өсімді және құқық үстемдігін қамтамасыз етіп отыр», – деді ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат МӘМИ.

9 тарау, 98 баптан тұратын азаматтар мәртебесі, саяси, қоғамдық институттар принциптері айтылған Ата Заңымыз қабылданған соң, оның тиісті түрде орындалуын қарайтын Кеңес құрылды. Құжаттың тек құр сөз ретінде қалмауын қадағалайтын Кеңес құрамына 7 адам кіріп, олар 6 жыл мүше болады, қалғандары әр 3 жыл сайын жаңарып тұрады деп шешілді. Оның төрағасы мен екі тұлғасын Елбасы, қалған төртеуін Сенат пен Мәжіліс төрағалары сайлайды. Уақыт өте ауысатын Кеңес құрамында тек экс-президент өмір бақи мүше бола алады. Елдегі саяси жағдайдаларға сөзі өтімді жетеу құжаттағы нормаларға түсінік беретін жалғыз ресми тұлға.

«1995 жылы Конституциямыз қабылданғанда, біздің ғалымдар құжатқа түсініктеме беру жолын ойластырды. Бірақ өзге сала өкілдері, азаматтық, қылмыстық құқық өкілдері бұған күле қарады. Мұны түсіндіріп не керегі бар, онсыз да барлығы ұғатын дүниеге ғой деген пікірлер айтты. Бұл құжат тек үгіт-насихат, декларация ретінде қабылданды. Жарық көргенімен, жұмыс істемейді деп ойлады көбісі. Бірақ Ата Заңымызда белгілі норма бар. Онда Конституцияның барлық шешімге тікелей әсер ететіні айтылған. Уақыт өте келе бұл пайымды көпшілік түсіне бастады», – деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь РОГОВ.

Ел ішіндегі Президент, депутаттар сайлауын, республикалық референдум, Парламент және Елбасы қабылдаған заңдар мен халықаралық келісімдер Конституцияға сәйкес өткізіліп жатқанын жіті қадағалайтын Кеңес дербес саналады. Ол не мемлекеттік орган, не лауазымды тұлғадан тәуелсіз, тек Конституцияға ғана бағынышты. Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімі қабылдаған күннен бастап күшіне енеді және шешімді қайта қарауға болмайды. Мерекеге орай, Астанада осы Кеңестің ұйымдастыруымен «Конституция: құқық үстемдігінің, азаматтық қоғам мен заманауи мемлекеттің құндылықтарын іске асыру» халықаралық жиыны өтті. Оған қатысушыларды Елбасы қабылдады. Ата Заңды жазу барысында 20 елдің тәжірибесі жіті тексерілгенін, соңғы кезде құжатқа енгізілген өзгерістер жайын сөз етті.  

«Бұл құжат бүгінде біздің өмірімізге арқау болып, мемлекетімізді қалыптастырып, тәуелсіздігімізді нығайтып отырған негізгі Заңға айналды. Конституциямыз уақыт талабына сай үнемі реформаланып, жетілдірілуде. Мәселен, өткен жылдың басында мен Президенттің бірқатар өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке олардың дербестігін әрі жауапкершілік аясын кеңейте отырып, қайта бөлу жөніндегі конституциялық реформаға бастамашы болдым», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

23 жылда Қазақстан экономикасы 22 есе өсті, оған Ата Заңның өз септігі тиді деген Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік сарапшыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ конференцияға келгендер де еліміздегі ахуалға көңілдері толған. Биыл жиын барасында алғаш рет «Үздік жас заңгер» байқауы өтті. Заң саласына қосқан үлесі пайдалы деп танылған үш маман 1 миллион теңге көлемінде сыйлық алды. Осылайша, жауапты іске аяқ басқан жастарды Кеңес жігерлендіріп, отандық құқықтық саласын өзге деңгейге шығаруға ниетті екенін білдірді.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир