Алматыда VI Инновациялық форум өтті

01.07.2017 14:38

Алматы - жастардың және жаңа идеялардың қаласы. Елімізде ғылыми шығындарға кететін қаржының 40 пайызы мегаполиске тиесілі. Қазіргі уақытта қалада 400-ден астам инновациялық жоба қаралып, оның тең жартысы қабылданған. Олар негізінен қауіпсіздік мәселесі, қол жетімді сервис, транспорт, тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы салаларында кеңінен қолданылуда. Қала тұрғындары бұл жобалармен Алматыда алтыншы рет шымылдығын түрген инновациялық форумда танысуға мүмкіндік алды.

Алматыда алтыншы рет өткен инновациялық форум қонақтарын сөйлеу қабілеті бар «Инноватор» атты робот қарсы алды. Ол тек өзін таныстырып қана қоймай, қойылған сауалдарға да жауап бере алады. Сонымен қатар, жасыл технология, логистика, тұрғын үй коммуналдық-шаруашылықта іске асатын жобалар ұсынылған. Көрмені Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек өзі аралап көрді.

Форумда әлемнің түкпір-түкпірінен келген жетекші сарапшылар шақырылған. Шарада адам капиталы мен қала сәулетін дамыту және қалалық экожүйені жетілдіру секілді келелі мәселелер кеңінен талқыланды. Ақылды қала жобасын жетілдіру үшін халықаралық компаниямен бірлесе отырып, арнайы кешенді сараптама жүргізілген. Оның барысында анықталған әлсіз аймақтарды жүйелі түрде шешу үшін 7 негізгі жоба жасалған.

«Ақылды қала» - түрлі ұтымды  технология және бұқара мен биліктің өзара түсіністік мәдениеті. Технология -  бұл басқару процесстері арасындағы  ынтымақтастықты жақсарту, тиімділікті арттыру. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес»,-деген еді. Сондықтан біз  өзгерістерге, түрлі креативті идеяларды енгізуге, осы жолда бірігіп  алға жылжуға дайынбыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Алматыда инноваторлардың жобалары кеңінен қолданысқа енгізіліп отырады. Балабақша мен мектепке онлайн тіркеу. Тұрғын үй алуға кезекке ғаламтор арқылы тұру және өз кезегіңді бақылап отыру. Инновациялық паркоматтар жұмыс істей бастады. Бұдан бөлек, қолжетімді сервис мәселесіне баса назар аударылған.

«Бүгінгі күні алматылық «ПИК порталы» жұмыс істей бастады, мұнда ПИК-тердің  мекенжайлары, нормативті құжаттар, көмекші  нұсқаулар жарияланған. ПИК-тердің бюджет шығындарының жұмсалу  ережесі, жөндеу жұмыстары мен  басқа да тарифтер, бос алаңдарды  жалға беру, адами капитал, жылу маусымына дайындық мәселелері де жария етілген. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға қатысты айтылған ұсыныс- пікірлер де осында «Ашық бюджет» жобасында мекемелердің  қаншалықты шығын жұмсағандықтары туралы ашық мәліметтер бар және  қала тұрғындары өзекті мәселелерді де біліп отыра алады», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Көрмеде де тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық саласын жетілдіруге бағытталған инновациялық жоба таныстырылды. Тұрғындардың коммуналдық қызметінің есебін енді үйге келмей-ақ тексеруге болады. Ол үшін есептеуіуш құралға құрылғы орнатылады. Осы арқылы жылу, су, электр есептерін бақылап отыруға мүмкіндік бар.

«Бір модем 4, тіпті одан жоғары есептеуіш көрсеткішін тексеруге қауқарлы. Ол есептерді диспетчерлер қарай алады. Мұндай құрылғы уақытты үнемдеуге көмектеседі. Мамандардың жұмысын жеңілдетеді», - деді компания директоры Бекарыс ҮСЕНБАЕВ.

Көрмеде тендермен айналысатын мамандарға да алаң құрылды. Электронды портал арқылы тасымалдаушы және тапсырыс берушілер қағазбастылықсыз, онлайн режимде тапсырыс бере алады.

«Біз тек еліміз аумағында ғана емес. Ресей, Беларусь елдеріне де қызмет көрсетеміз. Бұл тапсырыс та заңды түрде жұмыс істейді. Порталда алты деңгейлі қауіпсіздік жүйесі бар. Тасымалдаушылар төлеген бағаны ешкім көре алмайды. Тіпті тапырыс беруші де, тасымалдаушылардың бәсекелестері де, тіпті порталды құрастырған біз үшін де құпия болады», - деді компанияның бизнесті дамыту департаментінің директоры Яна ЕРМИЛОВА.

Алматы инновациялық жобаларды іске асырудан көш бастап келеді. Қалада «Алатау» инновациялық паркі жұмыс істейді. Онда 110 компания инновациялық жобаларды іске асырып келеді.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы