Дәрігерлердің салғырттығынан бір көзі соқыр болып қалған үшемнің сыңары енді көре бастады. Ата-анасы Қаскелеңде туылған үшемнің сыңары Аянаның жанарына Ресейге барып ота жасатып келді. 9 баласы бар жағдайы төмен Ысқақовтар әулетіне қызды емдету үшін қайырымды жандар көмек беріпті. Көрші елдің ақ халаттыларынан ем алып келген қыздың жағдайы жақсарған. Алайда, ресейлік медиктер де Аянаның бір көзінің көрмей қалуына нақты не себеп болғанын дөп басып айта алмай отыр.
Кішкентай Аянаны ата-анасы шырылдатып, күніне осылай он шақты рет көзіне дәрі тамызады. Әйтпесе, қыздың жазылуы екіталай. Аянаның бір көзінің мұндай күйге түсуіне ата-анасы алғашқыда Қаскелеңдегі дәрігерлерді кінәлаған болатын. Енді Алматыдағы көз аурулары ғылыми-институтындағы ақ халаттыларды да жазғырып отыр. Бір көзі көрмей қалған Аянаға Қаскелеңдік дәрігерлер Алматыдағы көз ауруларын емдейтін институтқа қаралуға жолдама берген. Ал ондағыдар тұрымтайдай сәбидің ауруының нақты себебін таппай, Ысқақовтарды сенделтіп қойған көрінеді. Дәрігерлер қызға ота жасау үшін ата-анасын тағы Қаскелеңге анализ тапсыруға жіберіпті. Өз кезегінде облыс медиктері Аянаның жүрегінде ақауы бар деп, түрлі ауруларды қосымша жалғап берген. Бұдан соң, институттағылар соқыр қызын арқалап қала мен ауыл ортасында шарқ ұрған ата-анаға қолдарын бір сілтепті.
«Біз Қаскелеңге сенбей өзіміз ақылы жерге бардық, қолымызда қағаздары бар. Ақылы жерге бардық, ол жерден өткізіп, анализдерін алып келіп көз дәрігеріне берсек, анализдерінің барлығы жақсы, операцияға дайын болады екен деп анализдерді алып келсек, Шарипова деген окулист бізге анализімізді лақтырып жіберіп, адамның намысына тиіп кетті», - деді Аянаның әкесі Қайрат ЫСҚАҚОВ.
Отандық дәрігерлерден қайыр болмағасын, шарқ ұрған ата-ана қыздарын іргедегі Ресейге емге апаруды ұйғарыпты. Алайда, Аянадан бөлек тағы сегіз баласы бар отбасы емге ақша таппай қиналған. Көп ұзамай, қайырымдылық қорына жағдайын айтып, көмек сұрапты. Жаны жомарт жандар ораза кезінде қыздың отасы мен жолына 1,5 млн теңге жинап берген. Бұл қаржыға анасы дереу қызының көзіне Санкт-Петербургтегі ауруханадан ота жасатып келді. Қазір қыздың жанары көре бастапты.
«Ресей дәрігерлері анализдерін алды. Біз осы Алматыдан институттан өтіп барған анализдеріміз өтірік болып шықты. Рейтинопатия, инфекция деп бізге диагнозын жазып, осы жақтан жіберді. Ал, Ресейдің дәрігерлері ешқандай ондай дерттер жоқ деді. Инфекция да жоқ деді. Баланың көзі үш айға дейін көрген деді. 3 айдан кейін дәрі құйып көзінің астын күйдіріп қойған », - деді Аянаның анасы Айгүл ЫСҚАҚОВА.
Ресейлік дәрігерлер де Аянаға ота жасағанмен, дөп басып диагнозын қоя алмаған. Олар қыздың 3 айға дейін сау болып, 1 көзінің кейін көрмей қалғанын айтыпты. Енді Аянаның жанарын толық емдеу үшін тағы бір ота жасау қажет екен. Ақ халаттылар Ысқақовтар отбасына шілденің ортасында қызды қайта отаға әкелуді тапсырыпты. Әрі, сол отадан соң Аянаның көзінің не себепті көрмей қалғаны белгілі болмақ. Айта кетсек, ата-анасы үшемнің бірін шетінетіп, енді бірін зағип қыла жаздаған Қаскелеңдік дәрігерлердің үстінен арыз түсірген болатын. Қазір бұл іске байланысты тергеу жүргізілуде.
Қыздарының көрмей қалуына тікелей дәрігерлерді кінәлаған отбасы олардың енді тиісті жаза арқалауын тілеп отыр. Сондай-ақ олар Аянаның кезекті ота жасауына қайырымды жандардан көмек күтуде.
Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы