Қойылым, фестиваль, цирк: демалыс күндері Алматыда болатын іс-шаралар

Қойылым, фестиваль, цирк: демалыс күндері Алматыда болатын іс-шаралар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаз мезгілінің алғашқы күндері қызықты мәдени шараларға толы болмақ. Қала қонақтары мен тұрғындарын ұзақ күткен фестивальдер мен қойылымдар күтуде. Демалыс күндері қазіргі заманғы этникалық музыка  және «Дәмді Алматы» фестивалі өтеді. Алматы циркінде ең танымал мәскеулік Юрий Никулин циркінің әртістері өнер көрсетеді.

Алматыда заманауи этникалық музыканың ең танымал өкілдері жиналады. Қалада «The Spirit of Tengri» халықаралық фестивалі алтыншы рет шымылдығын түрмек. Екі күн аралығында жалғасатын ашық аспан астындағы шараға әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар жанды дауыста ән шырқайды. Олардың арасында Франция, Израиль, Испания, Аустралия, Нигерия Федеративтік Республикасы және Өзбекстан елінен келген 12 музыкалық ұжым өз өнерлерін ортаға салады.

«Биыл сахнаны бұрынғыдан да ұлғайттық. Сондықтан музыканттар өнерін алаңның кез келген бөлігінен көруге болады. Ал сахнаның жан-жағында үлкен Led-экрандар орнатылады. Осылайша көрермендер шоудың барлық элементтерін тамашалай алады. Оған қоса, дыбысты күшейттік. Сол себепті музыканың дауысы бұрынғыдан да қатты естіледі»,-деді The spirit of tengri фестивалінің бас режиссері Сергей МАЙБОРОДА.

Фестиваль аясында шеберлердің этникалық қалашығы ашылады. Онда қолдан жасалған кәдесыйларды, музыкалық аспаптарды, киім-кешектерді сатып алуға болады. Сонымен қатар, былтыр өнер көрсеткен музыканттардың ең таңдаулы әндері жазылған таспа да сатылымға шығарылады. Атап өтерлігі, өткен жылы халықаралық фестивальді тамашалауға 25 мыңнан астам адам жиналған. Ал, осы жылы қатысушылардың саны 30 мыңнан асады деп күтілуде. Айта кетейік, биылғы фестиваль Астананың 20 жылдығына арналып отыр.

«Көрермендерді екі күн аралығында қызықты бағдарлама күтеді. Жоба жыл сайын өзгертіліп отырады. Яғни бір-бірін қайталамайды. Биыл фестивальға алғаш рет Өзбекстаннан карнаи аспабында ойнайтын музыкалық топ өнер көрсетеді. Сондай-ақ Speed Caravan тобы, Q2A, Abbos, Shono және "Арғымақ" топтары бар»,-деді The spirit of tengri фестивалінің бас продюсері Жан ҚАСТЕЕВ.

Қылқалам шеберінің туындыларына тамсанатындар үшін америкалық танымал суретші Хант Слонемнің жеке көрмесі ашылады. Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында оның 35 туындысы көпшілік назарына ұсынылған. Хант Слонемнің экзотикалық әлемі көрмесінде суретшінің соңғы жұмыстарымен қатар, ең таңдаулы еңбектерін көруге болады. Оған қоса, топтамалары да ілінген.

«Мен саяхаттағанды жақсы көремін. Бұл жұмыстар экзотикалық елдерді аралау барысында салынған суреттер. Қазақстанға түрлі-түсті көбелектер, тотықұстар бейнеленген еңбектерді алып келдім. Маған түрлі пішіндегі суретке тапсырыс беретін. Сол арқылы сан алуан форматта жұмыс істеуді үйрендім. Көрмеде танымал тұлғалардың портреттерін де көруге болады»,-деді суретші Хант СЛОНЕМ (АҚШ).

Оның көрмесі әлемнің кез келген елінде, танымал галереяларда аса сұранысқа ие. Қазіргі таңда төрткүл дүниенің 80 музейінде ұсынылған. Оның ішінде Метрополитен және Уитни музейі бар. Сонымен қатар, Хант Слонемнің картиналарын голливуд жұлдыздарының да коллекцияларынан көруге болады. Ал өнер сүйер қауым үшін Артишок театрының ұжымы ерекше спектакль дайындады. Ол Британ кеңесі қолға алған «бақытты адамдар» жобасы аясында сахналады. Ұйым 1 ай аралығында алматылықтардың алып шаһармен байланысты бастан өткерген хикаяларын топтастырған. Соның ішінде ең үздіктері, қойылымға негіз болған. Қала тұрғындарының ең қуанышқа кенелтетін орны ретінде «Көк-Төбе, «Орталық стадион», 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы екені анықталған. Спектакль сенбі және жексенбі күндері өнер ордасының үлкен сахнасында көрсетіледі.

«Жоба аясында қаладағы сауда орнында карта орнаттық. Онда кез келген азамат өзінің сүйікті орнын таңдау мүмкіндігін иеленді. Одан бөлек, қызықты оқиғаларын да сайтта жазып қалдырды. Біз соның барлығын топтап, бір спектакль құрадық. Оны Артишок театрының актерлары сахналайды»,-деді Британ кеңесі мәдениет және өнер жобасының жетекшісі Галина КОРЕЦКАЯ.

Акробаттар мен клоундар, әуе гимнасттары мен жонглерлар. Мұның бәрі Мәскеулік Юрий Никулин циркінің әртістері. Жаздың алғашқы күнінен бастап олардың гастрольдік сапары басталды. Ағайынды Багдасаровтор Алматы циркінің төрінде араға 9 жыл салып келіп отыр. Олар қала қонақтары мен тұрғындарына жаңа «Ғаламшар 13» шоуын көрсетпек. Бағдарламаның негізгі нөмірі жолбарыстардың қатысуымен өтеді. 20 жылдан бері төрткүл дүниенің сахнасында өнер көрсеткен жыртқыш аңдар бар.

«Әр нөмір өздігімен қайталанбас. Түрлі жанрдағы әртіс шілде айының аяғына дейін алматылықтарды өнерімен тәнті етеді. Жаңа дайындаған шоуымызда бәрі бар. Біздің әртістер сақтық шарасыз жұмыс істейді. Жолбарыстардың  қатысуымен 25 минуттық нөмір көрсетіледі»,-деді жаттықтырушы Артур БАГДАСАРОВ.

Осы сенбіде қаламызда «Дәмді Алматы» ауқымды отбасылық ас фестивалі өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарын қуанышқа бөлейтін бұл шарада қаладағы танымал мейрамхана аспазшылары қатысып, үйреншікті мәзір емес, тың тағамдар даярлайды. Аталған фестиваль осымен үшінші рет ұйымдастырылмақ.

«Фестиваль Қазақстан-Британ техникалық университеті жанындағы саябақта өтеді. Қаланың аспаздары арнайы ас мәзірін дайындаған. Оның ішінде тез дайындалатын тағамдар да бар. Бағасы да қымбат болмайды»,-деді «Дәмді Алматы» фестивалінің ұйымдастырушысы Катерина КНАУБ

Дәмі тіл үйіретін тағамдардан бөлек, фестиваль аясында түрлі байқаулар, жарыстар ұйымдастырылады. Демалыс күніне жоспарланған мәдени шаралар топтамасы осы. Демалыстарыңыз мәнді, әрі сәтті өтсін!

Перизат Көмекбайқызы, "Алматы" телеарнасы

Фото: inform.kz


Новости партнеров