|
08.02.2018 | 20:46
1471

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің жалақасын қайта қарамақ

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің жалақасын қайта қарамақ

Депутат Гүлжан Қарағұсованың білім және денсаулық сақтау салалары қызметкерлерінің жалақыларына қатысты пікіріне профилді ведомстволар жауап қатты. Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің жалақасын қайта қараймыз десе,  Білім және ғылым министрлігі оқытушылардың «нағыз» айлықтарын санап берді.

Күні кеше депутат Гүлжан Қарағұсова мұғалімдер, дәрігерлер жалақысын ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауды талап еткен еді. Оның айтуынша, 2016 жылы білім қызметкерлері жалақыларының артуы одан алдыңғы жылмен салыстырғанда небәрі 6,4%-ға, ал денсаулық сақтау қызметкерлерінікі 1 пайызға да жетпейді деген еді. Ал 2017 жылы азаматтық қызметшілердің еңбекақысы, тіпті, керісінше, қысқарған.

«2016 жылы білім қызметкерлерінің жалақысы одан алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,4%-ға, ал әлеуметтік қызметтер және денсаулық сақтау қызметкерлерінікі бар-жоғы 0,7%-ға көтерілген. 2017 жылы білім қызметкерлерінің нақты орташа жалақысы 4,4%-ға, ал әлеуметтік қызметтер және денсаулық сақтау қызметкерлерінікі керісінше, 4,3%-ға қысқарған», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Гүлжан ҚАРАҒҰСОВА.

Бүгін депуттат мәлімдемесіне бірінші болып Білім және ғылым министрлігі жауап қатты. Вице-министр Бибігүл Асылова арнайы біздің тілшілерге мұғалімдер айлығының қаншалықты артқандығын көрсетіп, қағаз бетіне түсіріп, түсіндірді. Вице-министр депутат көтерген мәселе қадағалауымызда, деді. Сөздерін жақында ғана премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың бұйрығымен қуаттады. Құжатта білім берудің жаңа бағдарламасына көшкен оқытушылар айлығын 30 пайызға арттырыңдар делінген.  

«Президент Жолдауының орындалуын біз бұдан бұрын айтып, түрлі мысалдар келтіріп, түсіндірген болатынбыз. Жолдаудағы жаңа бағдарламаға көшкендердің еңбекақы алу жүйесінде оқытушылар жалақысы базалық лауазымдық қызметақыдан емес, негізгі жалақыдан 30 пайызға артық болады. Бұл құжатқа премьер - министр Бақытжан Сағынтаев жақында ғана қол қойды», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл АСЫЛОВА.

Жаңа бағдарлама демекші, елімізде 115 мың 304 мұғалім оқытудың тың түріне көшкен. Бұл Қазақстандағы оқытушылардың 67 пайызына тең. Ал алдағы қыркүйек айында тағыда 98 мыңы жаңа жүйеге ауысады. Ведомстводағылар депутат Қарағұсованың премьер -министрге жолдаған сауалын күтуде. Келіп түссе, жауап береміз, дейді. Жалпы, көпке тараған мәлімдемені мұғалімдер де естіп, өз пікірлерін білдірді.    

«Жалақымыз жайында айта кетсем. Біз жаңа оқыту бағдарламасына көштік. Ал арнайы курстан өткендер бірінші деңгейдегі мұғалімдер жалақсынан бөлек, 100 пайыздық көрсеткіште айлық қосып ала алады. 2-ші - 70 пайыз, 3-ші деңгейдегілер - 30 пайыз. Бұлардың қатарында физика, биология, информатика пәнінің оқытушылары бар», - деді мұғалім Гүлден ӘЛІМБЕТОВА.

Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкіметте осыдан бірнеше күн бұрын қарауындағы менеджелерден өз саласындағы мамандардың еңбекақысын қайта қарауын сұраған еді. Ведомство басшысы адам өміріне жауаптылардың жалақысы еліміз бойынша орташа есеппен 159 мың теңгені құрайтынын айтқан еді.

«Бұл өте маңызды мәселе. Стратегиялық даму жоспардың аясында біздің менеджерлерімізден ақ халаттылардың жалақысына назар аударып, оның төленуін дифференциалды түріне өтуіне тапсырған едік. Біз өз тарапымыздан өңірлерге арнайы методикалық ұсыныстар жібердік. Арнайы оқулар жүргізілуде», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Айта кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаев жуырда жасаған Жолдауында дамудың 10 бағытын нақты көрсеткен болатын. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер жалақысын  көтеру туралы баса айтылған.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир