Тербеліп жүрген төл валюта қысқа уақытта күрт әлсіремейді

Тербеліп жүрген төл валюта қысқа уақытта күрт әлсіремейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Онсызда тербеліп жүрген төл валюта қысқа уақытта күрт әлсіремейді. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев байбалам салатын еш негіз жоқ деп сендірді. Экономикалық сарапшылардың ойы да осыған саяды. Әйтсе де, Ресей рублінің құбылуынан қорыққанымыз артық етепейді.

Соңғы уақытта ұлттық валютаның әлсірегенін бас банкир Данияр Ақышев түсіндіруге тырысты. Төл теңгенің тербелуіне қатысты ешқандай алаңдаушылық жоқ екенін алға тартты. Әйтсе де, сол ұлттық валютаны тұрақтандыру үшін интервенцияның жүргізіліп жатқанының анық-қанығын айтудан бас тартты.

«Осы жылдың тамыз айының басында әлеуметтік желілердегі қауестеттердің салдарынан теңге құбылмалы болды. Әйтсе де, айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Қазіргі уақытта валюта нарығындағы жағдай тұрақталды. 22 тамыздағы жағдай бойынша ұлттық валюта бағамы жыл басынан бері 0,2 теңгеге нығайып, 333,8 теңге болды. Биржа 333 теңгемен аяқталды», - деді Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Данияр АҚЫШЕВ.

Тамыздың басында Алматыдағы ақша айырбастау пунктері бір доллардың сатылу құны 14 теңгеге қымбаттатып, 342 теңгеге дейін көтерген еді. Ал көк қағазды сатып алу бағасы 335 теңгенің айналасында болған.  Жағдай екі күннің ішінде тұрақталды. Экономистер жыл соңына дейін  Ресей рублінің 10 пайызға құлдырауы мүмкін дегенді алға тартады. Көрші мемлекеттегі өзгеріс біздің сауда-саттық саласына да әсер етпей қоймайтыны белгілі, дейді.

«Теңгегенің құбылуы Ресей рубліне тікелей байланысты. Оған  мұнай бағасын қосыңыз. Бізге тек осы фактор ғана кері  әсер етеді. Теңгені ұстап тұру үшін ұлттық банктен қосымша қаражат бөлген тиімсіз. Бірақ басты қаржы құрылымы ұлттық валютаның кенеттен тез құлдырауына жол бермейді деп ойлаймын. Ал ұлттық банк интервенция жүргізіп жатқандығын айтып ақталуға міндетті емес. Сондай-ақ оны анықтау да мүмкін емес», - деді  инвестициялық компанияның сарапшысы Серік ҚОЗЫБАЕВ.

Теңге тербелсе де, бұқараның басым бөлігі төл валютаға сенім артады. Оған ұлттық валютада сақталған депозит көлемінің 9 миллиардтан асып жығылғаны дәлел. Ал АҚШ валютасындағы депозит 3,1 пайызға төмендеген. Оған қоса, теңгемен берілген несиенің үлес салмағы 71 пайызды сақтап тұр.

Әйкерім Ердәулетқызы, Рәшит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров