Күтушісі өлімші етіп ұрды деген Мансұрдың жағдайы жақсарып келеді

Күтушісі өлімші етіп ұрды деген Мансұрдың жағдайы жақсарып келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Періштесі қаққан періште. Күтушісі өлімші етіп ұрды деген бір жарым жасар бүлдіршін екі аптадан кейін аурухандан шығады. Мансұрдың анасы Жұлдыз жанашырлық танытқан жандарға алғыс айтты.  Ал, сәбиді ауыр жарақаттаған бала бағушы әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Мансұрдың анасы Жұлдыз Кутчинова аталған қайғылы оқиғадан кейін сәбиінің қозғалысын күн сайын ұялы телефонына түсіріп жүр. Журналистермен де қарым-қатынасты шектеген. Бала күтушінің бірнеше күн бұрын телеарналардың біріне берген сұхбатынан кейін көрермендер Жұлдыздың өзін де кінәлай бастаған.

"Күтуші Толқынның сұхбатында айтқандарының барлығы теріс. Оның айтуынша, мен апталап үйде болмаппын. Ондай жағдай мүлдем болған жоқ. Оған көршілерім куә. Менің күн сайын үйге азық-түлікпен қайтып келе жатқанымды бәрі көріп жүр. Мен танымайтын ер азаматтар туралы айтқан. Сондықтан, Толқынның сөзіне сенбеулеріңізді сұраймын",- деді Мансұрдың анасы, Жұлдыз КУТЧИНОВА.  




Жұлдыздың айтуынша, дәрігерлер Мансұрдың басы жарылғанын ғана жасырмай отыр. Ал денесіндегі соққының іздері туралы тіс жармайды,- дейді ана. Дәрігерлер болса, сәби өздігінен құлап осындай жарақат алды дегенді жоққа шығарды. Оған қоса Мансұрдың жағдайы жақсарған соң бас сүйегін қалпына келтіру үшін тағы ота жасалатынын хабарлады.

"Біз жағдайдың қалай болғанын білмейміз. Анасы былай,- дейді, күтуші алай,- дейді. Бұл жұмыстарымен құқық қорғаушылар айналысады. Біздің міндет сәбидің өмірін аман сақтап қалу. Қазір Мансұрдың жағдайы жақсарып келеді",- деді Алматы қаласы балаларға жедел көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары, Николай ДЬЯЧЕНКО.


Әзірге күдікті,- деп танылған күтушіге байланысты қылмыстық кодекстің 141 бабы бойынша іс қозғалды. Еске салайық, ауыр жарақат алған сәби туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Оқиғаның мән-жайы енді ғана анықталып жатыр. Ауыр соққы алған баланың анасы мен күтушісі бір-бірін айыптауда. Іске енді құқық қорғау органдары араласа бастады.

Аршын Кемелжан, Жанат Айтенова, Рашидин Якупов, "Алматы" телеарнасы

Новости партнеров