Алматыда мыңға жуық ескі үй сүріліп, жаңа пәтерлер салынады

Алматыда мыңға жуық ескі үй сүріліп, жаңа пәтерлер салынады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Ескі үйлерді сүріп, орнына жаңасын тұрғызу» бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда. Әуезов ауданында орналасқан бірнеше көне үйдің тұрғындары жаңа пәтерге көшіп те үлгерген. Ал кейбір жанұя қоныс аударғысы келмейді екен. Қабырғасы сөгіліп, шатыры шұрық тесік үйден адамдар неге көшкілері келмейді? Жаңа баспананың сапасы қандай?

Райхан Муслимова осыдан үш апта бұрын жанұясымен жаңа пәтеріне көшіп келген. Әкімдік ұсынған шарттар көңілінен шыққан соң, бірден келісе кеттім дейді. Оның үстіне бұрынғы үйі ескі әрі тар болыпты. Құжаттарын тез арада жинап, ешқандай ақша төлеместен осында қоныс аударған.  

«Менің құжаттарым дайын болды. Осы бағдарламаны ұсынғанда біз бірден келістік. Ескі үйіміз 2 бөлмелі болған. Алайда, тар еді. Қазір мұнда да екі бөлме, бірақ айтарлықтай кең. Оның үстіне басқа ауданнан емес, осы жерден үйдің берілгеніне ризамын. Немерелерім де мектептерін ауыстырмай, жұмысымызға да ыңғайлы», – деді Райхан МУСЛИМОВА.

Райхан Муслимованың бұрын тұрған үйінің кейпі мынадай. 1958 жылы салынған баспана ешқашан күрделі жөндеу жұмыстарын көрмепті. Тұрғындар тек тесілген жерді бекітіп, жартығын жамап отырған. Көктем мен күзде пәтердің ішін су алады. Ал қыста жылу жүйесі мүлдем істемейді. Баспалдақтары да өткен ғасырдан бері ауыстырылмаған. Техникалық қауіпсіздік те сақталмапты. Осы күні мұнда адам тұру мүмкін болмай кеткен.

«Көктемде үйіміздің ішін су алып кетті. Шатырдан аққан су барлық бөлмелерге жайылды. Еденнің ортасымен жүрсеңіз ойылып кететін секілді. Салдарынан басқа жаққа көшуге мәжбүр болдық. Мына үйде өмір сүру мүмкін емес. Мына пәтердің көлемі 48 шаршы метрді құрайды. Ал ұсынып отырғандары бұдан үлкен. Үстіне қаражат қосып, соны аламын. Біз жаңа пәтерге баруға дайынбыз. Алайда, кейбір көршілер келіспей жатыр екен. Неге екенін түсінбеймін», – деді Әсел МҰҚАШЕВА.

Жаңа салынған тұрғын үй осы Әуезов ауданында орналасқан. Құрылыс компаниясы тұрғындарға тиімді ұсыныс жасауда. Мәселен, көлемі 55 шаршы метрлік 3 бөлмелі ескі үйлерге компания көлемі 70 шаршы метрлік 2 бөлмелі жаңа пәтер беруге ниетті. Құрылыс компаниясының өкілі көшкісі келмей жатқан ескі үй иелерінің жаңа салынған тұрғын үйден екі пәтер алғылары келетінін айтады. Алайда, ол заңға қайшы екен. Қазір оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

«Біз 3 жанұяны Жандосов көшесіндегі жаңадан салынған үйлерге көшірдік. Қалған жанұялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазір 7 отбасы уақытша көшуге дайын», – деді Алматы қаласы «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС директорының орынбасары Талғат ТӘЖІБАЕВ.

«Ескі үйлерді сүріп, орнына жаңа тұрғын үй салу» бағдарламасы бойынша қалада мыңға жуық үй жаңармақ. Ол дегеніңіз, 9 мыңға тарта пәтер. Айта кетейік, құрылыс жұмыстары жеке инвесторлардың есебінен жүргізіледі.


Өмір Әнуарбек, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров