Қазақ-қырғыз шекарасынан өтудің арнайы тәртібі болады

20.10.2017 21:39

Енді қазақ-қырғыз шекарасынан өтудің арнайы тәртібі болады. Еліміздің Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев көрші елден келген делегация өкілдерімен өткен жиын соңында осындай тоқтамға келгендерін айтты. Бұдан былай, қос ел шекарасында жеке жүгі бар адамдар, жолаушылар тасымалдаумен тұрақты түрде айналысатын автокөлік құралдары мен жеңіл көліктер жіті тексерілетін болады. Оларға арнайы талаптар қойылады. Өйткені, Қытайдан тауар тасымалдайтын қырғыз саудагерлері Қазақстан аумағынан өтерде кедендік талаптарды жиі бұзатын көрінеді. Осының кесірінен, біздің ел үлкен шығынға батып отыр. Қырғыз Республикасының үкімет басшысы Сапар Исақов бастаған 30 адамдық делегация Астанаға кешке кешкісін келген еді. Тараптар екі ел арасындағы шекара, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау салаларына қатысты түйіткілді мәселелерді талқыға салды.

«Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның премьер-министрлерінің бірінші орынбасарларының төрағалығымен жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобы бес жұмыс күні ішінде біріккен "Жол картасын" жасауы қажет. "Жол картасын" қабылдағаннан кейін тараптар қол жеткізген келісімдерді толықтай орындауға міндетті болады»,- деді ҚР Премьер-министрі, Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Осы күні Қазақстан қырғыз экономикасына 800 млн доллар инвестиция салған. Екі ел арасындағы сауда айналымы соңғы 7 айда 399 миллионнан астам долларға жетіпті. Бұл - өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда 28 пайызға артық.