Отандық шенеуніктер киберқылмыскерлермен күресу жолын үйренеді. Астанада «KADEX» көрмесі аясында әлемге әйгілі «Касперский Зертханасы» мен еліміздің Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық қауіпсіздік саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Маңызды құжатта көрсетілгендей, алдағы уақытта ақжағалылар «Касперский» компаниясынан кибер сауаттылық пен ғаламтордағы қылмыскерлерге қарсы тұру жолдарын үйренеді. Мамандар бұл қадаммен Қазақстан соңғы жылдары жиілеген кибер-шабуылдар санын азайтады деген ойда.
«Бұл келісім киберқылмыскерлерге қарсы көптеген шараларды жүзеге асыруға ықпал етеді. Менің ойымша, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттік деңгейдегі шешілетін басты мәселелердің бірі. Ал біздің компанияның бұл салада мол тәжірибесі бар. Қазақстанның Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсіп министрлігі ел үшін өте маңызды қадам жасады. Ведомство осындай қылмыс түрімен күресуде жақсы нәтижеге қол жеткізеріне сенімдімін», - деді «Kaspersky Lab» компаниясының орталық азия және монғолиядағы басқарушы директоры Евгений ПИЛОТИН.
Жалпы соңғы 3 жылда Қазақстанда кибер-шабуылдардың саны 1,5 есеге көбейген. Мысалы, 2015 жылы 17 мыңнан аса шабуыл жасалса, араға екі жыл салып, көрсеткіш 25 мыңға жуықтаған. Көбіне қылмыскерлер қарапайым интернет қолданушылар, мемлекеттік және қаржылық мекемелерді біраз әбігерге салған.