Латын әліпбиін енгізуге 56 миллион теңге керек

Латын әліпбиін енгізуге 56 миллион теңге керек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Латын әліпбиін енгізуге байланысты мәдениет және спорт министрі 56 миллион теңге керектігін мәлімдеді. Тіпті бұл үшін келесі жылға аталған сомада тапсырыс беріліп қойған. Бұл туралы Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен отырыста белгілі болды. Жаңа қаріпке бейімделу уақытты талап ететінін айтқан министр, жасақталған жұмыс тобы алдағы уақытта «2018-2020 жылдарға» бағытталған іс-шараларға кірісетінін мәлімдеді.

«Оңай шаруа емес. Біз әр қадамды бірнеше бөлікке бөлдік. Яғни, 2018-2020 бұл бірінші кезең, 2020-2025 екінші кезең. Сонымен қатар, әр нормативтік-құқықтық құжаттарды дайындауымыз тиіс. Латын қарпінің ерекшеліктеріне орай, мемлекеттік органдарда біраз сауал туындайтыны рас. Сондықтан, біз оларға көмек ретінде орфографиялық сөздік дайындаймыз»,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрі, Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

Латын әліпбиіне бөлінетін қаржының басым бөлігі алдымен мектеп оқулықтары мен мұғалімдерді қайта даярлап шығуға жұмсалады. Демек, әліпби ең алдымен бастауыш сыныптарға енгізіледі. Шенді-шекпенділер бас қосқан жиында, латын қарпіне көшудің ерекшеліктері сөз етілді.

«Қаржы мәселесін нақтылау қазір мүмкін емес. Себебі, жұмыс барысы анықталуы тиіс. Тек содан кейін ғана қаріпке көшу мерзімін жасаймыз. Дегенмен, қаржының басым бөлігі оқулықтарды басып шығаруға жұмсалады. Әрі, мұғалімдерді қайта даярлауымыз қажет. Барлық мәселе шешілгеннен кейін, келер жылдан бастап ұстаздарды дайындай бастаған жөн болады»,- деді ҚР Білім және ғылым министрі, Ерлан САҒАДИЕВ.

Айта кетейік, соңғы нұсқаға қатысты ел азаматтары әр қилы пікір білдіруде. Дегенмен, әріпті өзге елдің тілімен шатастырудың, әрі естілуін бұрмалаудың қажеті жоқ, - дейді жоба ұсынушы топ.


Новости партнеров