Астанада келесі жылы велосипед тақымдаған азаматтардың еркін қозғалысына жағдай жасалмақ. Қолға алынған жаңа жоба қаланың барлық аймағын қамтитын болады. Қолданысқа берілетін веложолақтар күнделікті жұмысқа барып тұру, демалыс пен туристік бағыт бойынша салынады. Қала билігі осындай қадаммен велоинфрақұрылымын әрі қарай дамытпақ.
Саламатты өмір салтын ұстанатын Берікжан осымен 3-ші жыл жаз кезінде көліктен бас тартып, велосипедке отырған. Айтуынша, көлік кептелесі ұзақ уақытты алады. Күнделікті жанармайға кем дегенде 2 жарым мың теңге кетеді. Ал, қос дөңгелекті көлікпен емін-еркін жұмысқа да, қажетті орынға жетуге болады. Қалтаға да тиімді. Осыны ескеріп, ол қаладағы жалға алу орталығынан 10 000 теңге көлеміндегі 1 жылдық абонемент сатып алыпты.
«Бұл өте ыңғайлы. Менің үй жағымда да осындай парковка бар.Таңертен шығамын, парковкадан алып 18 минутта оң жағалаудан сол жағалауға жетемін. 3 жылдамдығы бар. Қалада 200-ге жуық парковка бар»,- деді Қала тұрғыны, Берікжан ҚАДЖЫАҚПАРОВ.
Десе де, қозғалысқа кедергі тудыратын жағдай да жоқ емес. Кептелістен құтылғанымен, қалада қос дөңгелекті көлікке арналған жол жоқ - дейді. Ал, үлкен көшелерде көлікпен жарыса жүрген өмірге қауіпті.
«Веложолдар жоқ тротуар мен жүрсең перекрестоктарда көбінесе бордюрдан түсу қиын. Адамдармен де көп қиындық туындайды. Адамдардың көбі наушникпен жүреді, жан-жағына қарамайды. Негізінен жолдар ашылса өте жақсы, себебі бұл қауіпсіздік жағынан көмектесер еді»,- деді Қала тұрғыны, Берікжан ҚАДЖЫАҚПАРОВ.
Берікжанның бұл пікірімен қала тұрғыны Магир Байрамовта келіседі. Ол күнделікті велосипед теппесе де, қолы босағанда денсаулығы үшін қолданады екен.
«Жол болса жақсы болар еді. Ол екі жағалаудың басын қосса тіптен ыңғайлы. Себебі, қазір біз тек осындай саябақ болмаса, белгілі жерден артық шыға алмаймыз. Өзге де демалушыларға кедергі келтіргім келмейді. Өйткені, баласымен серуендейтіндер өте көп»,- деді Кәсіпкер, Магир БАЙРАМОВ.
Осы олқылықтарды ескерген қала әкімшілігі арнайы жоба ойластырған. Онда қаланың әрбір аймағы түгелдей қамтылады. Емін-еркін қозғалуға арналған бағыттар келер жылы пайда болады.
«Біз барлық веложолдарды күнделікті қозғалысқа, демалыс пен туристік бағыт болып 3 түрге бөлдік. Яғни, әркім өзіне қажетті бағытты таңдай алады.Оның ішінде, абаттандырылған аймақ бар.Туристік бағытқа қаланың көркем орындары мен нысандары кіреді.Жоспарды құру барысында өзге елдердің тәжірибесіне де назар аудардық. Табиғаты, климаты жағынан ұқсас елдердің үлгілері қолданылды»,- деді «Астана Генплан» ҒЗЖИ бас сәулетші, Арсений ПИРАЖКОВ.
Бас қалада Алматы сынды велоинфрақұрылымы жақсы дамып келеді. Жалға берілетін велосипед орталықтарының саны артқан. Қос дөңгелекті көлікке арналған жолдың жалпы ұзындығы 1 717 шақырымды құрайтын болады.
Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан