Алматының «Арбаты» түбегейлі өзгермек

21.07.2017 15:20

Алматының «Арбатында» су жаңа сауда орындары ашылады. Оны бизнес өкілдері аукцион арқылы ала алады. Алаңға ағылатын жұрттан пайда тапқысы келетін қалталылар, күзге дейін өз кәсіптерін ашып үлгеруі тиіс. Қазір онда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығын әріптесім Әйкерім Ердәулетқызы көріп қайтты.

Алматының «Арбаты» алдағы  күзде түбегейлі өзгермек. Қазір жолды жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Енді бұл алаңда субұрқақтар мен жасыл-желектер көбейіп,  балаларға арналған алаңқай болады. Жоба бойынша, бұл жер «жібек жолы» тарихынан сыр шертетіндей кейіпке енбек. Ал маңайындағы дүкендердің барлығы сүріліп, орнына жаңалары пайда болады. Осы тұста кәсіпкерлер арасында арнайы аукцион өткізіледі. Бүгін бірқатар кәсіпкерлер бас қосып,  тың идеяларын ортаға салды.

«Біз Арбат алаңында амфитеатр болғанын қалаймыз. Ашық аспан астында көше музыканттары өз өнерлерін көрсете алады. Жүргінші жолдарының бұқараға ыңғайлы болуын қадағалаймыз. Тіпті, дүңгіршіктердің барлығы бірдей стильде болады. Жалпы, инвесторларды тарту арқылы Жібек жолы мен Панфилов көшелерінде қыркүйек айына дейін 35 сауда орны іске қосылады»,- деді Жоба жетекшісі, Вероника КИЗИЕВА.

Бұдан бөлек, Арбатта қосымша 62 орынға шақталған автокөлік тұрағы салынбақ. Бір жағынан бұл орындар жәрмеңке кезінде сауда алаңына айналып шыға келеді. Алаңдағы суретшілер мен өнерпаздарға да  қолайлы жағдай жасалмақ. Енді олардың әр қайсысының өз орны ретімен орналасады. Алмалы ауданына қарасты тағы да   тозығы жеткен жерлер мен бірнеше көшелерді  қалпына келтіруге жұмысшылар білек сыбана кірісіп кеткен.

«Қазір жүріп жатқан жұмыстар 5 көшеде: Жібек жолы, Панфилов, Гоголь, Қабанбай көшесі. Бұдан басқа аудан тарапынан Қарасай батыр көшесі, Абылай хан мен Масанчидың ортасы, Тастақ шағын ауданындағы Дүйсенов көшесінің бір бөлігінің жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстардың бәрі күзде бітеді»,- деді Алмалы ауданының әкімі, Жасұлан ЕСТЕНОВ.

Қала қазынасына түсетін салықтың 24 пайызы дәл осы Алмалы ауданына тиесілі. Енді бұл көрсеткіш көбеюі тиіс. Өйткені, биыл екі сауда-әкімшілік ғимараты, бірнеше құрылыс материалдарын саудалайтын кешен, сондай-ақ, 2 қонақ үй мен оншақты дәмхана ашылмақ.

Әйкерім Ердәулетқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы