Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті денсаулық сақтау саласына қатысты әлеуметтік желілердегі жарнамаларды тексерді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше медициналық анықтамалар белгісіз жандардың атына медициналық мекемеге бармай және флюорографиялық бақылаусыз және талдаусыз берілген.
«ВКонтакте желісіндегі «Услуги Павлодара» қауымдастығында «Медициналық анықтамаларды сату» бойынша хабарландыру берілген. Оны тексеру барысында бір азамат өз үйінен №4 емхананың анықтамаларын 2000 теңгеге сатып жүргені анықталды. Облыстың арнайы бақылау тобымен бірлесе облыс емханаларына «жасырын сатып алушы» жіберілді», – деді баспасөз қызметінде.
Департаменттің WhatsApp желісіне Екібастұз қаласының тұрғыны аталмыш қаланың №3 емханасының анықтамалары сатылып жүргенін хабарлайды.
«Осылайша, Сұлтанов атындағы облыстық №4 ауруханасы мен Екібастұз қалалық №3 емхананың қызметкерлері колледж, университет пен басқа да оқу орындарына және жұмысқа тұру үшін анықтамаларды 2 мың теңгеден 3 мың теңгеге дейін саудалағаны белгілі болды. Айта кету керек, Павлодар қаласындағы №4 емханада «Жасырын сатып алушы» еш кедергісіз 8 мың теңгеге анықтама алып, оған өткен күнді жаздыртып алған», – деді баспасөз қызметіндегілер.
Анықталған фактілер бойынша департамент денсаулықсақтау басқармасына бірнеше ұсыныс жасады. Өз кезегінде денсаулықсақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев бақылау тобыны құрылып, бұл бағытта жұмыс қолға алынатынына сендірді.
Денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселелер мен сұрақтар бойынша департаменттің 8747-404-14-24 WhatsApp желісіне хабарлама жіберуге болады.