Алматыда екінші жыл қатарынан ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның нәтижесі қандай болатыны қарапайым жұмысшыларға байланысты. Бұл жұмыстарды нағыз білекті азаматтар істейді. Олар Қазақстанның әр өңірінен жиналған.
Әрбір нысанда шамамен 200-250 білікті маман жұмыс істейді.
Олардың қатарында қарапайым құрылысшылардан бастап жылу-газ құбырларының дәнекерлеушісі, инженерлер және электр мамандары бар.
Мәселен, Данияр Алдаев 5 жылдан бері жол құрылысында. Ол жерді бұрғылау жұмыстарымен және тас плиталарды төсеумен айналысады.
Данияр өз жұмысына ұқыпты, «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген ұстанымда.
Артур Еремьянов болса ауыр техниканың тілін жетік меңгерген білікті маман. Ол жол құрылысында 12 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазір асфальтті тегістеуге арналған көліктің жүргізушісі.
Ал, жас маман Ержан Сапарбектің құрылысқа араласқанына 4 жыл енді толады. Жастығына қарамастан ол да ауыр техниканы тізгіндеп, құрылысқа тапшы мамандардың біріне айналған.
Қаладағы әрбір құрылыс нысанында орта есеппен 35-40 арнайы техника жұмыс істеуде. Жұмыс күні еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандардың нұсқауынан кейін басталады. Егер ауа температурасы +35 градустан жоғарылаған жағдайда жұмысшыларға үзіліс беріледі.
Жұмыс бір ауысымда: таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін.
Біз осынау ауыр еңбегі үшін жұмысшыларға тек алғыс айтамыз!