Мәжіліс рақымшылық туралы заңды мақұлдады

08.12.2016 18:24

Мәжіліс рақымшылық туралы заңды мақұлдады. Бас прокурор Жақып Асанов рақымшылыққа 28 мың тұтқын ілігетінін, олардың бір жарым мыңдайы ғана қамаудан босатылатынын айтты. Ал қалғандарының жаза мерзімі азайтылады немесе бас бостандығынан айыру жазасы жазаның басқа түрімен ауыстырылады. Осыған дейін елімізде қабылданған 8 амнистия заңы үкімет тарапынан енгізіліп келді. Биылғы рақымшылық туралы заңды елбасының өзі ұсынды. «Бұрындары рақымшылық туралы қабылданған заңдарда әрі кетсе ауырлығы орташа қылмыстар қарастырылған болса, биылғы заңда ауыр және аса ауыр қылмыстарға амнистия қолданылайын деп тұр»,- деді бас прокурор.


 «25 жыл ішінде, Егемендік алғаннан бері біздің Қазақстанның түрмелерінде 100 мыңнан астам адам отырған. Бүгінде 3 есе аз, 36 мың адам отыр. Мысалы тек 4 жылдың ішінде олардың саны 30 пайызға азайды. Жалпы, амнистия 28 мың адамға қолданылуы мүмкін. Бірақ мақсимум 1 жарым мың адам колониядан шығады. Бірақ олар жазадан толық босатылмайды. 1200-не басқа жаза тағайындалады. Олар пробация бақылауында болады»,- деді ҚР бас прокуроры, Жақып АСАНОВ.

 

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жариялау туралы" заң жобасы парламентке өткен аптада, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысынан соң түскен. Заң жобасында негізінен әлеуметтік әлсіз топтар өкілдері, кәмелетке толмағандар, аяғы ауыр әйелдер, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдер, егде кісілер, мүгедектер және жеңіл, аса ауыр емес қылмыс жасағандарға рақымшылық жариялау ұсынылған.