Мәскеуде төртінші қабаттан құлаған қазақстандық қыз көз жұмды

04.05.2018 14:57

Мәскеудегі жоғарғы оқу орнының төртінші қабатынан құлаған қазақстандық Томирис Байсафа көз жұмды. Сәуірдің ортасынан бері ресейдің Склифосовский атындағы Ұлттық зерттеу институтының жансақтау бөлімінде жатқан 21 жастағы отандасымыз Астана уақытымен таңғы жетіде жан тапсырған. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, марқұмның әке-шешесі қыздың денесін елге әкелуге дайындалуда. Ведомстводағылар барлық көмек көрсетіледі дейді. Естеріңізде болса, Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенті Томирис Байсафа 13 сәуірде төртінші қабаттан құлаған еді. Бойжеткеннің мұндай әрекетке баруына жақын досы Магомед Котиев сеп болды деген болжам да айтылуда. Оқиға кезінде Томирис пен Магомед кабинеттің ішінде сөзге келіп қалған. Олардың айғайласқанын кабинет жанында болғандар да растап отыр. Дегенмен, тергеу кезінде Котиев ақпаратты жоққа шығарған.

«Отандасымыз Астана уақытымен таңғы жетіге жуық көз жұмды. Біздің дипломаттарымыз Мәскеуде қайтас болған қыздың ата-аналарының жанында таңертең болып жүрді. Қазір олар марқұмның денесін жеткізуді ұйымдастыру бойынша қажетті рәсімдерді жүргізуде. Біз осы жағдайда толықтай атсалысып, көмек көрсететін боламыз. Әкесі мен анасы қазір Мәскеуде. Осы іс бойынша тергеу әлі жалғасуда. Сондықтан нақты мәліметті әзірше бере алмаймыз», - деді  ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар ЖАЙНАҚОВ.

Әзірге белгілісі, Томирис аталмыш оқу ордасының «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша оқыған. 4 -ші курс студенті дипломдық жұмысты қорғауға дайындалып жүрген екен. Ал марқұм болған қыздың анасы Жанна Ахметовамен хабарласу мүмкін болмады.