Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот ісі аяқталуға жақын

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен өзге де 22 адамға қатысты сот ісі аяқталуға жақын. Сотта «Бәйтерек Development» акционерлік қоғамы департаментінің бұрынғы директоры Бауыржан Айтымбетов мәлімдеме жасап, пара алғанын толық мойындады. Сөзбе-сөз келтірсек: «Мен – парақормын»,- деді айыпталушы. Сондай-ақ ол өз сөзінде осы іске қатысы барлардың: «мен пара беруге мәжбүр болдым», немесе «мені пара беруге мәжбүрледі» дегендері - сандырақ, деді. Айта кетейік, Айтымбетовке прокурорлар 2 жыл 3 ай бас бостандығынын айыру жазасын сұраған. Ал басты фигурант Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова судьядан баласына үкім шығармай тұрып, экс-министрдің отбасы мен кішкентай 4 балаларының тағдырын ойлауды сұрады. 

«Судья мырза, ана ретінде ғана емес, Қазақстан азаматы ретінде де айтқым келетіні, барынша обьектив болуды сұраймын. Бұлай сіз жалғыз ұлымның ғана емес, бүкіл отбасының, ең бастысы кәмелетке толмаған төрт баланың тағдырын шешесіз. Қуандық Бишімбаевтың анасы ретінде ұлымның бұл қылмысты жасамағанын мәлімдеймін. Соттың менің ұлымды ақтауын өтінемін»,- деді  Қ. Бишімбаевтың анасы Альмира НҰРЛЫБЕКОВА.

Естеріңізге салайық, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы экс-министр Қуандық Бишімбаев пен тағы 22 адамға жалпы сомасы 346 миллион теңге пара алған және 1,2 миллиард теңге көлемінде қаржы жымқырған деген айыптар таққан болатын. Төрт айдан бері  жалғасып келе жатқан сот барысында мемлекеттік айыптаушылар 37 жастағы экс-министрге 12 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған еді.


Новости партнеров