Алматыда үш баланың анасы із-түссіз жоғалып кетті. Ол 2016 жылдың жазында әпкесінің үйінен шығып, содан қайтып оралмаған. Хабар-ошарсыз кеткен 37 жастағы Динара Құдайбергенованы туыстары шарқ ұрып іздеп жатыр. Полицияға да арыз жазған. Бірақ, онысынан еш нәтиже жоқ. Бір жарым жылдан бері Динараны таба алмай жүрген анасы, қызына бұрынғы күйеу баласы қастық қылдыма деп күдіктенеді.
Бір жарым жылдан бері қызын іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмаған қарт ананың тауы шағылған қазір. Жаулығына жасын сүртіп, күнде кенже қызы Динарадан хабар күтеді. Күйеуінен зәбір көрген 37 жастағы келіншек 2015 жылы ажырасып, 3 баласымен ауылдағы анасының қолына көшіп барыпты. Ал, 2016 жылдың жазында балаларын жетілдіремін деген оймен жұмыс іздеп Алматыға келген. Содан бері туыстары Динарадан көз жазып қалған.
«Үш баласын қалай қиып кетеді ол? Күндіз-түні жарғақ құлағым, жастыққа тимей іздеп үйде де отыра алмаймын. Қыстың көзі қырауда да осылай қаңғырып жүрмін», - деді Д. Құдайбергенованың анасы Клара ӘБДІСАНОВА.
Шақша басы шарадай болған ананың қазіргі жұбанышы, қызынан туған 3 жиен немересі. Бірақ, олардың өзін көру соңғы кезде кейуанаға мұң болыпты. Динара жоғалған соң балаларды "оқытамын" деген сылтаумен күйеу баласы алып кеткен екен. Кейін, төбе көрсетпепті. Ал, әжей немерелері оқитын мектепке келсе, ондағылар балаларға жуытпайтын көрінеді.
«Балаларды шешесінің жоғалуына байланысты өз қарамағымда қалдырып отырмын», - деп әкесі айтқан. Бірінші некедегі жолдасыменен бір қызы бар екен. Қазір сол ортақ қыздары бесеуі бір үйде тұрады. Олардың жағдайлары жақсы және сабақты оқу үлгерімдеріде жақсы», - деді Алматы қаласы №141 жалпы білім беретін мектеп директоры Балжан ҮМБЕТОВА.
Қызын таба алмай жанұшырып, немерелерін де көруге зар болған қарт ана қызына әлдекімдер қастық қылды ма деп қауіптенеді. Оның айтуынша, Динараның жоғалуына күйеуі себеп болуы мүмкін екен.
«Күйеуі себепші. Егер Ол ұрып-соғып, зар жылатпаса балаларының жанында отырар еді ғой. Бірнеше рет күйеуінің үстінен арыз жазып мен милицияға барғанымда милициялар басып қойды. Себебі, оның ағасы беделді кәсіпкер болған. Кәсіпкер болғаннан кейін менің сөзім іске аспай ол делоны жауып тастап отыр. Өлтіріп кетті ме, жоқ тірі ме, білмеймін», - деді Д. Құдайбергенованың анасы Клара ӘБДІСАНОВА.
Ал, қаланың Ішкі істер департаментіндегілер тек Динара Құдайбергенованың жоғалуына байланысты арыз түскенін мәлімдеді. Әрі, жоғалған келіншекті іздеу үшін арнайы тергеу тобы құрылғанын жеткізді. Құзырлылардың айтуынша, Динара соңғы рет белгісіз ер адаммен кеткен екен.
«Осы азаматшамен кеткен ер азамат айқындалып, сонан соң бірнеше күнннен кейін ол азамат табылып, нәтижесінде төмендегідей мәлімет етті ол кісі. Бұл келіншек басқа бір ер адаммен қаладан тыс орналасқан шаруа қожалықтарының бірінде жұмысқа кеткенін айтты. Бірақ, ол қандай шаруа қожалық, қай аудан екенін нақты білмейді екен. Сондықтан, осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында барлық шекаралас және көршілес орналасқан облыс аудандарға із-түссіз жоғалған азаматшаның іздестіру парағы жолданған болатын», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Қазір жұмбақ жағдайда хабарсыз кеткен 3 баланың анасын іздестіру іс-материалдары Бас Прокуратураның қарамағында. Ал, қалалық Ішкі істер департаменті Динара Құдайбергенова табылғанша, іздестіру жұмыстары тоқтамайтынын қадап айтты.
Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы